Түркістан облысында бидай өңдейтін замануи зауыт жаңғыртылып, іске қосылды

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM - Түркістан облысында ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу бағытында қарқынды жұмыс жүріп жатыр. Мақсат – экспорт көлемін ұлғайту.

ұн зауыты
Фото: Түркістан облысының әкімдігі

Түлкібас ауданында «MK ALTYN NAN» ЖШС-ның ұн шығаратын зауыты қайта жаңғыртылып, іске қосылды. Маңызды диірмен кешенінің жүмысымен Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров арнайы танысты.

ұн зауыты
Фото: Түркістан облысының әкімдігі

Облыс басшысы диірмен кешені ұжымымен кездесуде өңірде агроөнеркәсіп кешенін дамыту, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу бағытындағы жобаларға ерекше көңіл бөлініп отырғанын атап өтті. Мұндай өндіріс орындарының іске қосылуы аудан экономикасын нығайтып, жаңа жұмыс орындарын ашуға және халықтың әл-ауқатын арттыруға ықпал ететінін жеткізді.

Нұралхан Көшеров
Фото: Түркістан облысының әкімдігі

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз Жолдауларында ауыл шаруашылығын дамытып, өнімді өңдеу үлесін арттыруды тапсырды. Іске қосылып отырған бұл кешен – сол нақты тапсырмалардың жергілікті деңгейде жүзеге асуының айқын көрінісі. Қайта жаңғырған кәсіпорын – облыстың өндірістік әлеуетін арттырып, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге жол ашатын маңызды жоба. Жаңартылған зауыт сапалы әрі бәсекеге қабілетті өнім өндіріп, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін береді деп сенемін. Осы жобаның жүзеге асуына үлес қосқан инвесторларға алғысымды білдіремін. Жобаны кеңейтуге қолдау көрсетуге дайынбыз, – деді Нұралхан Көшеров.

ұн зауыты
Фото: Түркістан облысының әкімдігі

Аталған кәсіпорын бидай өнімін өңдеуге бағытталған. Зауыт алғаш рет 1986 жылы іске қосылып, 2018 жылы тоқтап қалған. 2024 жылдың желтоқсан айында кәсіпорын толықтай қайта жаңғыртылып, өндірістік қуаты мен технологиялық мүмкіндіктері арттырылды. Бұл ретте мемлекеттік қолдауды пайдаланып, несие алған. Қазіргі таңда зауыт жылына 120 мың тонна бидай өнімін өңдеуге қауқарлы. Кәсіпорында 140 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Диірмен кешені басшылығы жобаны кеңейтіп, өнім көлемін арттыруды көздеп отыр.

ұн зауыты
Фото: Түркістан облысының әкімдігі

Түлкібаста шығарылған ұн Қазақстан Республикасының ішкі нарығымен бірге Өзбекстан, Түрікменстан және Ауғанстанға экспортталып жатыр. Түлкібас ауданында іске қосылған бұл зауыт өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және аграрлық саланың дамуына өз үлесін қоса бермек.

Нұралған Көшеров
Фото: Түркістан облысының әкімдігі

 

Соңғы жаңалықтар