Түркістан облысында биыл қанша елді мекеннің су құбыры жаңартылады
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Түркістан облысында ауыз су саласындағы бірқатар мәселе әлі де өзекті. Оларды шешу мақсатында 2026-2028 жылдарға арналған арнайы іс-шаралар жоспары бекітілген.
Жоспарға сәйкес, биыл Арыс қаласы мен Сауран, Мақтаарал, Шардара және Қазығұрт аудандарындағы 10 елді мекенде тұратын 45,7 мың тұрғын тәулік бойы ауыз сумен қамтамасыз етіледі.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Тоқтар Усубалиевтің айтуынша, қалған елді мекендердегі мәселелер кезең-кезеңімен шешіліп, қажетті жобалар қаржыландыруға ұсынылады.
— Биыл жалпы сипаттағы трансферттер есебінен 36 ауыз су нысанының құрылысына 15,6 млрд теңге бөлінді. Оның ішінде жыл соңына дейін 10 нысан пайдалануға беріледі. Нәтижесінде тозығы жеткен 7 елді мекендегі су құбырлары толық жаңартылып, тағы 7 елдімекеннің 32,7 мың тұрғыны тәулік бойы ауыз сумен қамтылады. Қалған 26 нысанның құрылысы келесі жылға өтпелі, — деді ол.
Сонымен қатар облыстық бюджет есебінен ағымдағы жөндеу жұмыстары да жалғасып жатыр. Биыл бұл мақсатқа 2,7 млрд теңге бөлініп, 27 нысанда жұмыс қолға алынған. Жыл соңына дейін 21 елді мекеннің тозығы жеткен су құбырлары жаңартылады.
Бұдан бөлек өңірде «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 2025-2029 жылдары ауыз су және су бұру жүйелерін жаңғыртуға 42,9 млрд теңге қарастырылған. Оның ішінде 34,5 млрд теңге ауыз су желілеріне бағытталып, 511 шақырым су құбыры жаңартылады.
Ведомство мәліметінше, 2029 жылға қарай облыстағы ауыз су желілерінің тозу деңгейі қазіргі 34,7 пайыздан 28,7 пайызға дейін төмендейді.
Бұған дейін Түркістан облысында 10 су каналы мемлекет меншігіне қайтарылғаны туралы жазған едік.