Түркістан облысында болған өрт бойынша қылмыстық іс қозғалды
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Түркістан облысы Жетісай ауданында болған өрт фактісі бойынша «Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу» бабымен қылмыстық іс қозғалды.
— Қазіргі уақытта болған оқиғаның барлық мән-жайларын анықтауға бағытталған қажетті іс-шаралар жүргізіліп жатыр. Тергеу нәтижесімен процестік шешім қабылданатын болады, — делінген Түркістан облысы Полиция Департаменті таратқан ресми ақпаратта.
Бүгін таңертең Жетісай ауданының Алғабас ауылында екі қабатты жеке тұрғын үй өртеніп, 12 адам мерт болды.
Оқиға орнына өрт сөндірушілер жеткенге дейін тұрғын үй толықтай өртке оранған.
Өртті барлау және сөндіру барысында үйдің ішінен ес-түссіз күйдегі үш адам эвакуацияланып, жедел медициналық жәрдем бригадасына тапсырылды. Үйдің ішінен тоғыз баланы қоса алғанда, барлығы 12 адамның денесі табылды.
Көршілердің айтуынша, алдыңғы күні үй иелері іс-шара өткізген, үйде қонақтар болған. Өрт 360 шаршы метр аумақта толықтай сөндірілді.
Оқиға орнында барлық жедел қызметтер жұмыс істеп жатыр. Өрттің шығу себептері белгісіз. Тергеу басталды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысы Жетісай ауданындағы жеке үйде болған өрттің салдарынан көптеген адамның қаза табуына байланысты көңіл айтты.
Үкімет пен Түркістан облысының әкіміне зардап шеккен азаматтардың туған-туыстарына барлық қажетті көмек көрсетіп, қайғылы оқиғаны жан-жақты тексеруді тапсырды.
Президенттің тапсырмасы бойынша Түркістан облысындағы өртке байланысты Үкіметтік комиссия құрылғаны анықталды.