Түркістан облысында бір жыл бұрын жөнделген жол учаскесі қайта бүлінді

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Арыс қаласы аумағынан өтетін облыстық маңызы бар «Арыс – Монтайтас» автомобиль жолының ақаулы бөлігі өткен жылы жөнделген. Алайда арада бір жылға жетер-жетпес уақыт өткенде аталған учаске қайта бүлінді.

в
Фото: Видеодан алынған скрин

Жергілікті тұрғындардың айтуынша, тәулігіне жүздеген жүк көлігі, ауыларалық автобустар мен жедел жәрдем көліктері қатынайтын бұл маңызды жолдың қазіргі жағдайы қауіп төндіріп отыр. Жүргізушілер жолдағы ойықтарды айналып өту үшін қарсы қозғалыс жолағына шығуға мәжбүр.

л
Фото: Видеодан алынған скрин

– Әсіресе Шағыр елдімекенінен шығаберістегі жол учаскесінің қазіргі жай-күйі алаңдатады. Жөндеу жүргізілгеніне бір жылға да жетпей, асфальт жабынының кей тұстары опырылып, ойықтар пайда болды. Салдарынан жол қайтадан жарамсыз күйге түсе бастады, – дейді тұрғындар.

л
Фото: Видеодан алынған скрин

Түркістан облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметінше, «Арыс – Монтайтас» (КХ-92) автомобиль жолының 31-39,2 шақырымындағы орташа жөндеу жұмыстары 2019 жылдың тамыз айында басталған. Жобаға тапсырыс беруші – облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы, мердігер – «Сейсер» ЖШС.

л
Фото: Видеодан алынған скрин

Жөндеу жұмыстары аясында ескі асфальт жабыны алынып, екі қабат асфальт төселген. Аталған жол 2020 жылғы шілдеде пайдалануға берілген.

л
Фото: Видеодан алынған скрин

Ведомствоның дерегінше, өткен жылы автомобиль жолының 37-39,2 шақырым аралығындағы ақаулы бөлігі жөнделген. Алайда қазіргі таңда жол жабынының бүлінуіне бірнеше фактор әсер етіп отыр.

л
Фото: Видеодан алынған скрин

– Бұл учаскеде жерасты суларының жақын орналасуы және Арыс қаласы маңындағы карьерлерден қатынайтын шамадан тыс ауыр жүк көліктерінің үздіксіз қозғалысы жолдың жүріс бөлігін зақымдап отыр. Басқармаға қарасты «Оңтүстік жолдары» МКК мамандары тарапынан аталған жол учаскесіне зерделеу жүргізіліп, ақау актісі түзілді. Облыстық маңызы бар автомобиль жолдарын күтіп-ұстау жұмыстары аясында зақымданған учаскелерді қалпына келтіру жоспарланып отыр, – деп хабарлады облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы.

л
Фото: Видеодан алынған скрин

Бұған дейін Түркістан облысындағы «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автомагистраліне балама жол құрылысының мерзімінен кешігіп жатқаны туралы хабарлаған едік. 

л
Фото: Видеодан алынған скрин