Түркістан облысында электр есептегіштерін тексермеген екі кәсіпорынға айыппұл салынды
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Техникалық реттеу және метрология комитетінің Түркістан облысы бойынша департаменті жүргізген тексеру барысында Қазақстан Республикасының «Өлшем бірлігін қамтамасыз ету туралы» заңнамасының талаптарының бұзылғаны анықталды.
Сауда және интеграция министрлігінің мәліметінше, тексеру кезінде өңірдегі екі коммуналдық кәсіпорынның міндетті метрологиялық тексеруден өтпеген бақылау есептеу құралдарын, оның ішінде электр есептегіштерін, амперметрлер мен вольтметрлерді пайдаланғаны белгілі болған.
Заңнамаға сәйкес, қызмет көрсетуші мен тұтынушы арасындағы есеп айырысу кезінде, сондай-ақ өндірістегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында қолданылатын барлық аспаптарда қолданыстағы тексеру сертификаты болуы тиіс. Тексерілмеген құралдарды пайдалану тұтыну көрсеткіштерінің бұрмалануына және электр желілерінің қауіпсіздігіне қауіп төндіреді.
Электр өлшегіш құралдардың дәлдігі тек тұтынушы түбіртегінде көрсетілетін мәліметтердің дұрыстығына ғана емес, сонымен қатар техникалық қауіпсіздіктің сақталуына да әсер етеді.
Департамент өкілдерінің мәлімдеуінше, «Вольтметрлер мен амперметрлердегі қателіктер электр желілеріндегі жүктемені дұрыс бағалауға кедергі жасап, авариялық жағдайлардың туындау қаупін арттырады. Сонымен қатар, тексерілмеген есептегіштер тұтынушылардың нақты ресурстарды тұтыну туралы ақпарат алу құқығын бұзады».
Тексеру нәтижесінде екі коммуналдық кәсіпорын әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оларға 3 892 500 теңге көлемінде айыппұл салынды. Сонымен қатар, заңбұзушылықтарды жоюға қатысты нұсқамалар берілді.
Айта кетсек, бұдан бұрын хабарлағанымыздай, Қазақстан І тоқсанда электр энергиясы бойынша профицитке шықты.