Түркістан облысында хайп қуған жігіттің көлігі айыптұраққа қойылды
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Түркістан облысында жолдың дәл ортасында көлік қозғалысына кедергі келтірген жігіттің видеосы әлеуметтік желіде тарады.
Желіде жарияланған бейнероликтен азаматтың жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігіне қауіп төндіретін әрекет жасағаны көрінеді.
Бейнежазба Сарыағаш аудандық полиция басқармасы қызметкерлерінің назарына іліккен. Тәртіп сақшылары әлеуметтік желідегі жарияланымды зерделеп, бейнероликтегі азаматтың жеке басын анықтады. Ол — Шымкент қаласының 24 жастағы тұрғыны.
— Ер адамға қатысты қолданыстағы заңнамаға сәйкес шара қолданылды. Оның автокөлігі арнайы айыптұраққа қойылды, — деп хабарлады облыстық полиция департаменті.
Полиция өкілдері бір сәттік хайптың соңы орны толмас өкінішке әкелуі мүмкін екенін ескертіп, азаматтарды жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырды.
Бұған дейін пойызда әдепсіз әрекет жасаған 69 жастағы қызылордалық жазаланғанын жазған едік.