Түркістан облысында инвестордың құм өндіруіне әкімдік кедергі келтірді ме
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Келес ауданындағы компания құм өндіруге жер рәсімдеу кезінде кедергілерге тап болғанын мәлімдеді. Облыс әкімдігі жер учаскесінің ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерге жататынын және жергілікті тұрғындардың қарсылығы барын айтты.
Әлеуметтік желілерде «Ермахан и Д. Н.» ЖШС өкілі, заңгер Мұрат Садықтың үндеуі тарады. Ол компанияға қатысты жергілікті атқарушы органдар тарапынан заңсыз әрекеттер жасалғанын мәлімдеген.
Бейнежазбада жариялаған түсініктемесінде заңгер бұл жағдайды инвесторларды қолдау жөніндегі тапсырмалардың орындалуына кедергі келтіруі мүмкін әрекет деп бағалаған. Оның айтуынша, компания лицензия алып, қажетті құжаттарды дайындағанымен, жергілікті атқарушы органның келісімі болмағандықтан жұмысын бастай алмай отыр.
Заңгердің мәліметінше, кәсіпорын 2024 жылғы 21 мамырда құм өндіруге лицензия алған. «Бозсу» жер қойнауы учаскесінің аумағы — 139,5 гектар. Жұмысты бастау үшін компания жерге қатысты құжаттарды рәсімдеуі қажет.
Өндірілетін материалды «ҚазАвтоЖолдың» ірі жол жобаларының бірін инертті материалдармен қамтамасыз ету үшін пайдалану жоспарланған.
— 2024 жылдан бері жергілікті атқарушы органдардың созбалаңға салуына байланысты қажетті құжаттар рәсімделмей келеді. Салдарынан «Ермахан и Д. Н.» ЖШС лицензияда көзделген міндеттемелерін орындай алмай отыр, — деді компания өкілі.
Кәсіпорын жер учаскесін беру туралы екі рет өтініш берген. Келес ауданының жер комиссиясы компанияның өтінішін 2024 жылғы 14 тамызда және 15 қазанда қанағаттандырудан бас тартқан. Бұған тұрғындардың қарсылығы, аумақтың жайылым ретінде пайдаланылуы, бос жер учаскелерінің болмауы, сондай-ақ жолдарға, ауыл шаруашылығы жерлеріне және қоршаған ортаға ықтимал зиян келтіру қаупі себеп болған.
Осыдан кейін Келес ауданының әкімдігі 2024 жылғы 16 қазанда 139,5 гектар жер учаскесін уақытша өтеулі жер пайдалану құқығымен беруден бас тарту туралы қаулы қабылдаған.
Компания жергілікті органдардың шешімдеріне шағым түсірді. Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты талап арызды ішінара қанағаттандырды.
Сот жер қойнауын пайдалану үшін жер учаскесін беру туралы шешім қабылдау Түркістан облысы әкімінің құзыретіне жататынын анықтады. Келес ауданының әкімі компанияның өтініштерін уәкілетті органға жолдауы тиіс болған. Алайда оларды аудандық жер комиссиясына жіберген.
Сот актісінде аудан әкімінің бас тарту туралы қаулы қабылдауға өкілеттігі болмағаны көрсетілген. Сонымен қатар аталған жер учаскесін беру туралы шешім қабылдау жер комиссиясының құзыретіне жатпаған.
Бұдан бөлек сот комиссия отырысының аудио және бейнежазбасын зерделей келе, 2024 жылғы 14 тамызда жер учаскесін беру мәселесі ашық дауысқа қойылмағанын анықтады. Комиссия мүшелері тек күн тәртібін мақұлдау үшін дауыс берген, кейін қорытындыға қол қойған.
Сот жер комиссиясының 2024 жылғы 14 тамыздағы және 15 қазандағы қорытындыларын, сондай-ақ Келес ауданы әкімдігінің 2024 жылғы 16 қазандағы қаулысын заңсыз деп танып, күшін жойды.
Сонымен қатар сот жер комиссиясын компанияның пайдасына шешім қабылдауға міндеттеуден бас тартты. Өйткені мұндай жер учаскесін беру немесе бермеу туралы шешім қабылдау оның құзыретіне кірмейді. Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ және оған шағым берілуі мүмкін.
Түркістан облысы әкімдігінің хабарлауынша, пайдалы қазбаларды өндіру мәселесі жергілікті тұрғындармен бірнеше рет талқыланған. Ведомство мәліметінше, тұрғындар мұндай жұмыстарды жүргізуге үзілді-кесілді қарсы.
— Аумағы 139,5 гектар болатын аталған жер учаскесі ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге жатады және қазіргі уақытта шаруа қожалықтары пайдаланып отыр. Оны беру және пайдалану мәселесі заңнамада белгіленген тәртіппен жеке қаралады, — деп хабарлады әкімдік.
Облыс әкімдігі мемлекеттік органдар тұрғындардың заңды мүдделерін ескеріп, заңнама талаптарын сақтауы қажет екенін атап өтті.
— Жер учаскесін беру немесе пайдалы қазбаларды белгіленген тәртіпті бұза отырып өндіруге жол берілмейді. Бұл мәселеге қатысты барлық шешім қолданыстағы заңнама аясында ғана қабылданады, — деп мәлімдеді облыс әкімдігі.
Еске салайық, Шетелдік инвесторлар кеңесінің 38-ші пленарлық отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан инвестиция тарту көрсеткіші бойынша Орталық Азиядағы көшбасшылығын сақтауды көздейтінін мәлімдеген еді.