Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Түркістан облысында Қаңлы дәуірінің құнды жәдігерлері табылды

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Түркістан облысындағы Үшбастөбе қалашығы 24 жылдан бері зерттеліп келеді. Осы уақыт аралығында жүргізілген зерттеулер барысында ғалымдар алғаш рет антикалық дәуірге жататын шыны саптыаяқтың сынығын тапты.

в
Фото: Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті

Сонымен қатар Төле би ауданындағы Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде жүргізілген қазба жұмыстары кезінде тұрмыстық бұйымдар, ғұрыптық мақсатта пайдаланылған керамикалық тостаған табылып, Қаңлы мемлекеті дәуіріндегі ежелгі қаланың орталық бөлігі зерттелді.

в
Фото: Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті

Үшбастөбе – Қаңлы мемлекеті кезеңінің маңызды археологиялық ескерткіштерінің бірі. Таулы аңғарда орналасқан қалашық екі бөліктен тұрады, жалпы аумағы 5 гектарды қамтиды. Ескерткіш б.з.д. II ғасыр мен б.з. IV ғасыры аралығына жатады. Археологиялық зерттеулерді Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің Археология орталығы «Ордабасы» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығымен бірлесіп, «Спектр» компаниясының қолдауымен жүргізіп келеді.

в
Фото: Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті

Биылғы далалық маусымда археологтар қазба жұмыстарын кеңейтіп, цитадельді екіге бөліп тұрған кең дәлізді және оған жалғасқан тас қабырғалы бөлмелерді зерттеді. Нәтижесінде ежелгі қаланың жоспарлануы, шаруашылық жүйесі мен қолөнерінің дамуына қатысты жаңа деректер анықталды.

в
Фото: Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті

Қазба жұмыстары барысында әртүрлі мақсатта пайдаланылған қыш ыдыстар, тұрмыстық заттар, диірмен тастары, дән үккіштер және ғұрыптық бұйымдар табылды. Зерттеушілердің пікірінше, бұл жәдігерлер Үшбастөбе тұрғындарының мал және егін шаруашылығымен айналысқанын, кен өндіріп, темір балқытып, металл бұйымдарын көрші өңірлерге жөнелткенін дәлелдейді.

в
Фото: Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті

Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің профессоры Александр Подушкиннің айтуынша, экспедиция барысында асүйлік, шаруашылық-тұрмыстық, дастарқандық және ғұрыптық мақсатта пайдаланылған көптеген керамикалық бұйым анықталған.

в
Фото: Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті

– Астық сақтауға арналған үлкен құмыралардың, су тасуға және дастарқанға қоюға арналған құмыралардың, қыш құтылардың, саптыаяқтардың сынықтары табылды. Сонымен қатар қазіргі қазақ этнографиясында сақталған шүмек аршылып алынды. Ал соңғы 20 жылдағы ең маңызды жаңалық – антикалық шыны сынығының табылуы. Біздің болжамымызша, ол Оңтүстік Қазақстанға сарматтардың көші-қоны нәтижесінде келген, – деді ғалым.

в
Фото: Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті

Археологтардың назарын қыш ыдыстардағы таңбалар мен ежелгі діни рәсімдерге қатысты болуы ықтимал заттар да аударды.

в
Фото: Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті

Археолог Гүлмира Стамқұлованың айтуынша, керамикалық кішкентай тостаған отқа табыну рәсімдерінде қолданылған болуы мүмкін.

Экспедиция жұмысына университеттің тарих факультетінің студенттері де қатысып жатыр. Олар мәдени қабаттарды тауып, тазалауға және зерттеуге атсалысты. Көпшілігі үшін бұл – алғашқы далалық тәжірибе әрі көне қоныстың тарихымен тікелей танысуға берілген маңызды мүмкіндік.

в
Фото: Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті

– Мен тарихты тек оқулықтан емес, далалық жағдайда зерттеуді әрдайым армандадым. Қазақстан тарихын, әсіресе Қаңлы мемлекетін зерттеуге өз үлесімді қосқым келді. Біздің алғашқы тапқан артефактіміз – сәбилерге күтім жасауға арналған шүмек. Бұл жағдайда ол ұл балаларға арналған және қазіргі қазақ этнографиясында да сақталған. Екінші артефакт – ұршықтың төменгі жағына тағылатын ұршықбас. Ол жүннен жіп иіру кезінде қолданылған, – деді 3-курс студенті Максим Утробин.

Экспедиция мүшесі Артур Сыздықовтың сөзінше, қазба барысында күнделікті тұрмыста қолданылған заттар да табылған.

в
Фото: Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті

– Біз ішуге арналған ілмек тәрізді сабы бар қыш саптыаяқ пен өңделіп, жылтыратылған сүйектен жасалған ине салғышты анықтадық. Ол ұсақ металл инелерді сақтауға арналған, – деді ол.

в
Фото: Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті

Ауқымды тастан қаланған сәулет кешендері, жетілген қыш өндірісі және молынан табылған тұрмыстық бұйымдар Қаңлы мемлекетінің өз дәуірінде жоғары деңгейде дамыған өркениет болғанын көрсетеді. Профессор Александр Подушкиннің айтуынша, жаңадан табылған артефактілер бұған дейін анықталған көне жазба ескерткіштерімен бірге Оңтүстік Қазақстан аумағында осыдан екі мың жылдан астам уақыт бұрын жоғары деңгейдегі қалалық өркениет, материалдық өндіріс пен рухани мәдениет қалыптасқанын айғақтайды.

в
Фото: Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті

ерттеушілердің пайымдауынша, Үшбастөбе қалашығының ғылыми әлеуеті әлі толық ашылған жоқ. Ежелгі қаланың едәуір бөлігі жер астында жатқандықтан, алдағы қазба жұмыстары кезінде жаңа әрі бірегей артефактілердің табылуы әбден мүмкін.

Бұған дейін Қостанай облысында тас дәуіріне жататын сирек қабірлер табылғаны туралы жазған едік.