Түркістан облысында қарт майдангердің ғасыр тойы тойланып, жаңа көліктің кілті табысталды
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM - Бүгін Түркістан облысы, Созақ ауылындағы «Талапты» мейрамханасында еліміздің ерен ерлерінің бірі, Ұлы Отан соғысының ардагері, қарт майдангер Мырзахмет Жылысбаевтың 100 жылдық мерейтойы кең көлемде аталып өтті.

Іс-шараны Созақ ауданы әкімдігі мен өңірдегі өндіріс орындары бірлесіп ұйымдастырып, батыр қартқа су жаңа темір тұлпардың кілтін табыстады.
Аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков ардагерге ыстық ықыласын білдіріп, ел үшін сіңірген еңбегін ерекше атап өтті.

- Бүгінгі бейбіт күн – сіз секілді майдангерлердің жанқиярлық ерлігінің жемісі. Сіздердей ерлердің арқасында біз бейбіт өмір сүріп келеміз. Ерлігіңіз бен елге сіңірген еңбегіңіз ешқашан ұмытылмайды. Бұл той – тұтас елдің, тұтас ұрпақтың алғысы мен құрметі. Ел болып, жұрт болып, сізді құрмет тұтамыз!, - деді аудан басшысы.
Сонымен қатар, ардагерге арнайы дайындалған автокөліктің кілтін салтанатты түрде табыстап, өнегелі ғұмырына тағзым білдірді.

Аталған мерейлі тойға Түркістан облыстық «AMANAT» партиясы филиалы төрағасының орынбасары Қалима Жантөреева, облыстық мәслихат депутаты Бегімбет Байғараев, аудандық мәслихат төрағасы Ордабек Жәмиев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қабылбек Еспенбетов, құқық қорғау органдарының басшылары, аудан әкімінің салалық орынбасарлары, мекеме басшылары, мәслихат депутаттары, ардагердің туған-туыстары мен ауыл тұрғындары қатысты. Барлығы да ардагерді құттықтап, ел үшін еткен еңбегіне бас иіп, шынайы ықылас білдірді.
Өз кезегінде қарт майдангер Мырзахмет Жылысбаев: «Мына жасқа жеткізген Аллаға шүкір. Елге аман келіп, бейбіт өмір сүргеніме қуанамын. Осындай құрмет көріп, ел-жұрттың алғысына бөленіп отырғаныма жүрегім толқып тұр. Аудан басшыларына, ұйымдастырушыларға, ауылдастарыма үлкен рахмет! Ел аман, жұрт тыныш болсын. Тәуелсіздігіміз баянды болсын!» – деп алғысын тебіреніспен жеткізді.