Түркістан облысында қазақ вальсінің короліне арналған тұңғыш музей бар

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM - Бүгінде музей қорында 170-тен астам экспонат сақталған

Шәмші Қалдаяқ музей-үйі
Фото: Шәмші Қалдаяқ музей-үйі

Түркістан облысының Отырар ауданы, Арыс өзенінің жағасында, тарих пен өнер тоғысқан бір киелі мекен бар. Бұл — қазақ даласының мәңгілік композиторы, «қазақ вальсінің королі» атанған Шәмші Қалдаяқов ауылы. Халық әртісі туған ауылда бүгінде музей – үйі жұмыс істеп. 2020 жылы, сазгердің 90 жылдық мерейтойы қарсаңында ел азаматтарының демеушілігімен бой көтерген бұл мәдени орда бүгінде ұлт руханиятының алтын қазығына айналды. 

Шәмшінің үйі
Фото: Шәмші Қалдаяқ музей-үйі

Музей Түркістан облыстық мәдениет басқармасына қарасты Әбу Насыр әл-Фараби музейінің филиалы ретінде жұмыс істейді. Оның қабырғасында ұлы композитордың ғана емес, оның әкесі — әйгілі қолөнерші Қалдаяқ ұстаның да мұралары сақталған.

Мұражайға кірген сәттен бастап, қонақ өзге бір әлемге енгендей әсер алады. Бұл жерде Шәмшінің өмір жолы мен шығармашылығы көз алдыңызда тіріліп, бір дәуірдің тынысы сезіледі.

Шәмші Қалдаяқ музей-үйі
Фото: Шәмші Қалдаяқ музей-үйі

Экспозицияда сазгердің киген киімдері мен көйлектері, пианиносы, мандолинасы, баяны, қойын дәптері, мүштігі, шахмат тақтасы, фотосуреттері мен жеке заттары қойылған. Сондай-ақ, ән-жинақ кітаптары мен естеліктер сақталған. Отырардағы той нотасының түпнұсқасы да осында тұр. Әрбір бұйым — тек материалдық жәдігер емес, өткен өмірдің үнсіз шежіресі.

Сондай-ақ, мұражай төрінде Қалдаяқ ұстаның қолынан шыққан тұрмыстық және қолөнер бұйымдары да ерекше орын алады. Оның ішінде қант кесетін қайшы, бәкі, шапашот, қол шарығы сияқты сирек кездесетін тұрмыс заттары бар. Бұл жәдігерлердің әрқайсысы қазақтың тұрмыс-тіршілігін, шеберлігін айшықтайды.

Шәмші Қалдаяқ музей-үйі
Фото: Шәмші Қалдаяқ музей-үйі

Шағын үй саз балшықтан соғылып, төбесі қамыспен жабылған. Музей құрылысына бюджеттен ақша бөлінбеген. Демеушілер құрылыс материалдарына көмек берсе, жергілікті тұрғындар Шәмшінің үйін ерекше ықыласпен салуға жәрдемдесіпті. Бұл нысан елімізде композитор Шәмші Қалдаяқовқа арналналған тұңғыш әрі жалғыз мұражай саналады.

Бүгінде музей қорында бүгінде 170-тен астам экспонат сақталған. Қор жыл сайын толықтырылып, жаңа жәдігерлер қосылып отырады. Соңғы жылдары Шәмшінің туыстары мен өнерін қадірлейтін азаматтар да өздеріндегі естелік заттарды осында табыстап, халыққа таныстыруға үлес қосып жүр. Мәселен, сазгердің үш көйлегі жуырда Шымкенттен әкелінсе, Тараз өңірінен шахматы жеткізілген.

Шәмші Қалдаяқ музей-үйі
Фото: Шәмші Қалдаяқ музей-үйі

Музей тек өткеннің естелігін ғана сақтап қоймай, ауылдың мәдени орталығына айналған. Жыл бойы мұнда түрлі дәрістер, шығармашылық кездесулер, мектептер мен колледждерге арналған экскурсиялар ұйымдастырылады. Мемлекеттік мерекелер мен атаулы күндерде арнайы іс-шаралар өткізіледі.

2024 жылдан бастап аудандық оқушылар арасында «Арыс жағасында» атты ән байқауы дәстүрлі түрде өтіп келеді. Алғашқы жылы 25 оқушы қатысқан бұл байқау сазгердің 95 жылдығына орай одан да ауқымды деңгейде өткізілмек. Байқау мақсаты — жас ұрпаққа Шәмшінің әндерін насихаттап, қазақ музыкасына деген сүйіспеншілікті арттыру.

Шәмші Қалдаяқ музей-үйі
Фото: Шәмші Қалдаяқ музей-үйі

Мұражай қызметкерлері құнды жәдігерлерді Алматы, Түркістан және өзге де қалаларда өтетін концерттер мен көрмелерге алып барып, елмен бөлісіп келеді. Бүгінде мұражайға Қазақстанның түкпір-түкпірінен, сондай-ақ Ресейдің Орынбор, Омбы, Челябі қалаларынан, Өзбекстаннан және басқа да шетелдерден туристер жиі келеді.

Шәмші Қалдаяқов музейінің меңгерушісі Серік Олжатаевтың айтуынша, болашақта ауылда тәж пішіндес заманауи жаңа музей ғимаратын салу жоспарда бар. Жобасы дайын, электронды нұсқасы әзір. Егер демеушілер мен мүдделі тұлғалардың қолдауы табылса, сазгердің 100 жылдық мерейтойына орай бұл ғимарат халық игілігіне берілуі мүмкін. 

Шәмші Қалдаяқ музей-үйі
Фото: Шәмші Қалдаяқ музей-үйі

- Шәмшінің өмірі мен өнеріне арналған заманауи мәдени орталық ауылымызда бой көтерсе, бұл — ұлттық өнерімізге қосылған үлкен үлес болар еді, — дейді музей басшысы.

Шәмші Қалдаяқов мұражайы — бір адамның тағдырын ғана емес, тұтас бір ұлттың өнерін, тарихын, рухын сақтап тұрған қасиетті шаңырақ. Мұнда келген әрбір қонақ ұлы сазгердің жан дүниесін, әке-шешесінің еңбегі мен қолөнерін, қазақ даласының әуенге деген шексіз махаббатын сезінеді.

Шәмші Қалдаяқ музей-үйі
Фото: Шәмші Қалдаяқ музей-үйі

Сазгердің әуендері халық жадында мәңгі жаңғыра берсе, оның ауылындағы бұл мәдени орда да ұрпақтан ұрпаққа жететін рухани қазына болып қала бермек.

Айта кетейік, бұдан бұрын Алматыда Орталық музейге кіру құны өзгергендігін жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар