Түркістан облысында кенеге қарсы залалсыздандыру жұмыстары басталды
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM- Өткен жылы Түркістан облысында 1623 адамды кене шаққан. Салдарынан бір науқас қайтыс болды.

«Түркістан облысы бойынша дезинфекция орталығының» басшысы Қасымбек Исабекұлының сөзіне сүйенсек, наурыз-сәуір айларында облыста кенелерге қарсы дәрілеу шаралары жүргізіледі. Жалпы 2 қала, 14 аудандағы 108 елдімекен аумағында кенеге қарсы дәрілеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр. Бұл бағытта 9 автокөлік, 22 моторлы шашыратқыш аппарат, 16 дезбригада жұмылдырылмақ.
Өткен жылы Түркістан облысында кене шағудың 1 623 жағдайы тіркеліп, 13 адамның ауруы зертханалық түрде расталған. Оның ішінде 1 науқас көрсетілген ем-шараларға қарамастан қайтыс болды.
«Түркістан облысы Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы ауруының таралуына қолайлы өңір. Аймақтың климаты ыстық болғандықтан өзге өңірлерге қарағанда жәндіктер де жер бетіне ерте шығады. Сонымен қатар, облыста мал шаруашылығы да дамыған. Егерде кене шаққан науқас дер кезінде медициналық көмекке жүгінбесе, өлім жағдайына әкелуі мүмкін», - деді облыстық санитарлық-эпидемиологиялық департамент басшысының орынбасары Бахтыораз Мизамұлы.