Түркістан облысында көкөніс сақтайтын қоймалар жеткілікті ме
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Түркістан облысында көкөніс өнімдерін сақтауға арналған қоймалардың жалпы сыйымдылығы 200 мың тоннаға жуық. Алайда сала өкілдері өнімді ұзақ мерзім сақтауға мүмкіндік беретін заманауи қоймалардың әлі де жеткіліксіз екенін айтады.
Заманауи қоймалар қажет
Бүгінде өңірде сыйымдылығы 199,8 мың тонна болатын 63 көкөніс сақтау қоймасы бар. Оның ішінде 185 мың тонналық 49 қойма тоңазытқыш және желдету жабдықтарымен қамтылған. Сонымен қатар 15 мың тонналық 14 құрғақ сақтау қоймасы жұмыс істейді. Бұл қоймалар облыста өндірілетін өнімнің шамамен 80 пайызын сақтауға мүмкіндік береді.
Алайда Қазақстан фермерлік жылыжайлар қауымдастығының төрағасы Данияр Қалтаевтың айтуынша, қолданыстағы қоймалардың барлығы бірдей өнімді ұзақ мерзімге сақтауға қауқарлы емес.
– Қазіргі таңда облыста ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтайтын қоймалар жеткіліксіз. Түркістанда резерв ретінде пайдаланылатын бірқатар қойма бар. Алайда диқандардың өнімін жинап, белгілі бір уақыт сақтап, кейін экспортқа шығаратын немесе нарыққа сататын арнайы қойма менеджменті қалыптаспаған. Оған қоса жаңа қоймаларды іске қосуда электр қуатымен қамтамасыз ету мәселесі де бар. Өңірдегі энергетикалық инфрақұрылым тоңазытқыш, мұздатқыш және салқындатқыш қондырғыларға қажетті электр қуатын толық бере алмайды. Сондықтан кей жағдайда нысандарға техникалық шарт берілмей, оларды электр желісіне қосуға мүмкіндік болмайды. Тіпті қойма салынған күннің өзінде қолданыстағы электр желісі қажетті жүктемені көтере алмауы мүмкін, – деді ол.
Данияр Қалтаев шетелдегі тәжірибеде өнімді жинау, сақтау және өткізу жүйесі өзара байланысты екенін атап өтті.
Оның айтуынша, шаруалар өнімін арнайы орталықтарға өткізеді. Онда тауар сұрыпталып, қапталып, сақталады, кейін ішкі нарыққа немесе экспортқа жөнелтіледі.
Қауымдастық төрағасының пікірінше, өңірдегі қоймалардың сыйымдылығы мен технологиялық мүмкіндігі артса, шаруалар өнімін маусым кезінде арзан бағамен сатуға асықпас еді. Бұл өндіруші мен тұтынушы арасындағы баға айырмасын қысқартуға да ықпал етеді.
– Қазір ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер тауарын арзан бағамен сатуға мәжбүр, ал тұтынушы оны қымбатқа сатып алып отыр. Егер сақтау қоймаларының мүмкіндігі артып, диқандар өнімін сақтап, кейін тікелей өткізуге жағдай жасалса, мұндай жағдайдың алдын алуға болар еді. Делдалдардың бағаны бірнеше есе көтеруіне де шектеу қойылар еді. Өндіруші мен тұтынушы арасындағы баға айырмасы шамамен 10-15 пайыз деңгейінде болғаны дұрыс. Сонда шаруаның еңбегі ақталып, тұтынушыға түсетін салмақ та азаяр еді, – деді ол.
Министрлік не дейді
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, жеміс-көкөніс өнімдерін сақтау қуатын арттыру мақсатында 2023-2025 жылдарға арналған көкөніс сақтау орындарын салу және жаңғырту жөніндегі кешенді жоспар іске асырылған.
– Оның аясында Түркістан облысында жалпы қуаты 92,7 мың тонна болатын 13 нысанның құрылысы көзделді. Жоспарды іске асыру қорытындысы бойынша облыста жалпы қуаты 98,2 мың тонна болатын 20 сақтау қоймасы пайдалануға берілді, – делінген министрліктің Kazinform агенттігіне берген жауабында.
Ведомство жаңа сақтау орындарына қажеттілікті анықтау кезінде өндіріс көлемі мен оның маусымдылығын, жұмыс істеп тұрған қоймалардың жағдайын және олардың аумақтық орналасуын ескеру қажет екенін атап өтті.
– Мемлекет тарапынан көкөніс қоймаларын салуға және жаңғыртуға инвестициялық қолдау қарастырылған. 1 мың тоннадан бастап картоп-көкөніс қоймаларын салу және кеңейту жобалары бойынша инвестициялық субсидия мөлшері 25 пайыздан 40-50 пайызға дейін ұлғайтылды. Оның ішінде тоңазытқыш жабдыққа жұмсалған шығынның 50 пайызына дейін, желдету жабдығына 40 пайызына дейін өтеледі, – деп хабарлады Ауыл шаруашылығы министрлігі.
Жаңа қоймалар салына ма
2026-2028 жылдарға арналған агроөнеркәсіптік кешен саласындағы инвестициялық жобаларды іске асыру жөніндегі жол картасына сәйкес, Түркістан облысында тағы екі көкөніс сақтау қоймасын салу жоспарланған.
– Сарыағаш ауданында «Жабай ата» шаруа қожалығы құны 1,3 млрд теңге, қуаты 2 мың тонна болатын жеміс-көкөніс сақтау қоймасын салуды жоспарлап отыр. Ал Ордабасы ауданында «Bal Kausar» ЖШС құны 1 млрд теңге, қуаты 1 мың тонна болатын көкөніс сақтау қоймасын іске қосуды көздейді, – делінген министрлік жауабында.
Бұдан бөлек Сарыағаш ауданында ауыл шаруашылығы өнімдерін көтерме тарату орталығын құруға ниетті «DAMDES LOGISTIC GARDEN» ЖШС анықталған. Ал биыл «SHAGYR FRUT» ЖШС-не жалпы құны 1,3 млрд теңге, қуаты 3 мың тонна болатын көкөніс сақтау қоймасын салуға 127,8 млн теңге инвестициялық субсидия төленген.
Бұған дейін Түркістан облысында шаруалар қызанақ өнімін өткізе алмай отырғанын айтып, дабыл қаққанын жазған едік.