Түркістан облысында коммуналдық кәсіпорын жылу тарифін бірнеше есе негізсіз көтерген

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Биыл департамент тарапынан заңнаманы бұзу дерегі бойынша 4 тергеу жүргізілген. Нәтижесінде 55 млн теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынған.

Түркістан облысында коммуналдық кәсіпорын жылу тарифін бірнеше есе негізсіз көтерген
Фото: Мухтор Холдорбеков/Kazinform

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Түркістан облыстық департаментінің мәліметінше, жыл басынан бері өңірде 62 кәсіпорынға мониторинг жүргізіліп, 58 заң бұзушылық анықталған.

— Кентау қаласындағы «Кентау-Сервис» мекемесіне жүргізілген тексеру барысында 1 текше метр жылыту алаңы үшін бағаны 33 теңгеден 125 теңгеге дейін негізсіз көтергені анықталды. Аталған кәсіпорынға 34 млн теңгеден астам көлемде әкімшілік хаттама толтырылып, құқықбұзушылықты жою жөнінде нұсқама берілді. Осы іс бойынша департаменттің пайдасына сот шешімі шығарылды, — деді департамент басшысы Әліби Тұрысбаев баспасөз мәслихатында.

Сондай-ақ биыл департамент қызметкерлері жүргізген тексерістер нәтижесінде жалпы 80 әкімшілік хаттама толтырылған.

Бұдан бұрын Түркістанда жол сапасына салғырт қараған мердігерлер мекемелерге айыппұл салынғанын жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар