Түркістан облысында қуаңшылық: егістік күйіп, мал азығы қымбаттады
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Түркістан облысында ұзаққа созылған қуаңшылық салдарынан егістік алқаптары күйіп, шаруалар шығынға батып жатыр.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, 49,8 мың гектар егіс алқабы зардап шеккен. Бұл — жалпы егілген 355,2 мың гектардың 14 пайызы. Қазір анықтау жұмыстары жалғасып жатыр.
Көктемгі егіс науқаны барысында бұл жағдай бірнеше аудандағы шаруаларды тығырыққа тіреді.
Әсіресе Бәйдібек (25,2 мың га), Ордабасы (6,7 мың га), Түлкібас (5,2 мың га), Төлеби, Арыс, Сарыағаш және Созақ аудандарының егістіктері қатты зардап шеккен.
— Биылғы қуаңшылықты жергілікті атқарушы органдар, қоғам белсенділері мен несие ұйымдарынан арнайы мобильді жұмыс тобы құрылып, зерттеу шараларын жүргізіп жатыр. Өткен жылдың күз айларында егілген және көктем айларында егістігін мерзіміне сәйкес азықтандырған шаруалар жақсы өнім алады деп күтіліп отыр. Ал, агротехникалық шараларды толық жүргізбеген шаруалар өнім алмауы да мүмкін. Дегенмен, биыл ауа райының жауын-шашынсыз құрғақ болуына байланысты дәнді және майлы дақылдардан жоспарланған өнімнің алынбау қаупі жоғары болып тұр, — делінген ауыл шаруашылығы басқармасының ақпаратында.

Мал азығы қымбаттады
Жайылымға да шөп шықпай, мал азығын дайындау қиынға соғып отыр. Биыл облыс бойынша 4,3 млн тонна жемшөп дайындау жоспарланғанымен әзірге 57,1 мың тонна ғана жиналған.
Шөптің бағасы былтырғы жылмен салыстырғанда қымбаттаған. Шаруалардың келісімі бойынша әр өңірде әртүрлі бағада сатылып жатыр.
— Әрине, бұл қуаңшылық шаруалардың әлеуметтік-экономикалық жағдайының төмендеуіне алып келеді. Сонымен қатар, мал өсіріп жатқан шаруаларға әсерін тигізетіні белгілі. Бұл бірінші кезекте мал азығының өсуі мен еттің бағасының көтерілуіне өз септігін тігізбей кетпейтіні аян, — деді басқарма өкілдері.
Суды үнемдемесе, жағдай қиындайды
Су тапшылығының алдын алу үшін облыста су үнемдеу технологиялары белсенді түрде енгізіліп жатыр. 2023 және 2024 жылдары 55 мың гектар жерге тамшылатып және жаңбырлатып суару жүйесі енгізілген.
Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 59 мың гектарға жеткізу көзделіп отыр. Ал, 2030 жылға қарай өңірде су үнемдеу технологияларын 216,3 мың гектарға енгізу қарастырылған.
Су тапшылығы қатты сезілетін Жетісай, Мақтаарал және Шардара аудандарында жоспардан тыс 8 мың гектар жерге су үнемдеу технологиясы енгізіліп жатыр.
Сонымен қатар, Отырар ауданындағы мақта шаруашылығына қытайлық компания арқылы 32 мың гектарға жаңа технология енгізу жұмысы басталған.

Қазір облыста жалпы сыйымдылығы 8,8 млрд текше метр 42 су қоймасы бар. Алайда биылғы қуаңшылық салдарынан олардың да толуы орта есеппен 60 пайыздан аспай отыр.
Осыған байланысты жаңа су қоймаларын салу және ескі нысандарды қайта жаңғырту жобалары қолға алынған. Атап айтқанда, «Бәйдібек ата», «Боралдай», «Қарақуыс», «Иқан су» секілді стратегиялық маңызы бар жобалар әзірленіп жатыр.
Аталған жобалар толық іске асқан жағдайда «Бөген» су қоймасына қосымша 120,3 млн текше метр ағын су жеткізіледі. Бұл Түркістан қаласы аумағындағы өңірлерде ағын су мәселесін түбегейлі шешеді.
Су ресурстарын басқару ісіне халықаралық қаржы тарту да көзделген. «Ислам даму банкі» арқылы алғашқы кезеңде құны 73,6 млрд теңгеге 14 жоба қаржыландырылады. Ал, екінші кезеңде 120 жобаға жобалау-сметалық құжаттама әзірленеді.
Жалпы 25 су қойма, 1 су реттегіш, ұзындығы 4265,4 шақырымды құрайтын 269 каналдарды күрделі жөндеуден өткізу нәтижесінде су нысандарының тозу көрсеткіші 76 пайыздан 50 пайызға төмендейді.
Бұл жобалар жүзеге асса, қосымша 400 мың гектар суармалы жерге су жеткізу мүмкіндігі пайда болады.

Шаруалардың несиесін шегеру ұсынылып отыр
Бүгінгі таңда дәнді және майлы дақыл еккен агроқұрылымдардың 1,4 млрд теңге көлемінде берешегі бар.
Осыған байланысты «Кең дала» бағдарламасы арқылы алынған несиені бір жылға шегеру мәселесі қаралып жатыр.
Сондай-ақ «ҚазАгроҚаржы» және «Аграрлық несие корпорациясы» арқылы алынған лизингтік қаржылардың төлеу мерзімін де ұзарту бойынша Ауыл шаруашылығы министрлігіне облыс әкімдігінен ұсыныс хат жолданған.
Тұрғындар күн сайын тасаттық беріп жатыр
Жуырда Мәжіліс депутаты Ұласбек Сәдібеков Үкіметке өңірдегі қуаңшылықтың салдарын айтып депутаттық сауал жолдады.
— Алдағы уақытта да ауа райы қолайсыз болады. Бұл, өз кезегінде, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығына кері әсер ететіні анық. Сондай-ақ, аудандарда өзен-бөгеттер деңгейінің төмендеуі байқалады. Әсіресе, Созақ пен Бәйдібек аудандарында жауын-шашынның азаюы мен жер асты суы деңгейінің төмендеуі — тіршіліктің тұтқасын ұстаған шаруаларға үлкен қиындық туғызып отыр. Бүгінде жергілікті тұрғындар күн сайын тасаттық беріп, жаратушыдан жаңбыр сұрап отыр, — деді Ұласбек Сәдібеков.
Депутат қуаңшылықтан зардап шеккен аудандарда төтенше жағдай режимін жариялау мүмкіндігін қарастыруды және қуаңшылық зардаптарын еңсеруге бағытталған арнайы өңірлік бағдарлама қабылдап, оның аясында ғылыми негізделген агроэкологиялық шешімдерді жүзеге асыруды ұсынды.

Сондай-ақ, оңтүстіктегі шаруалар «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ тарапынан аудандардағы несие серіктестіктеріне қойылатын талаптарды оңтайландыруға, жауып тастаған несие желісін қайта ашуға ықпал етуді сұрады.
— Жергілікті деңгейде бұл мәселені шешуге тырысуда, алайда жағдай республика көлемінде қолдау көрсетуді қажет етеді. Бұл мәселе — бір өңір ғана емес, бүкіл елдің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін өзекті мәселе, сондықтан оң шешілуіне ықпал етуіңізді сұраймын, — деді депутат.
Ауыл шаруашылығына айтарлықтай үлес қосып отырған Түркістан өңірі үшін су тапшылығы мен қуаңшылық — тек бір маусымның емес, жүйелі түрде шешуді қажет ететін күрделі мәселе.
Осылайша су үнемдеу технологиясын кеңінен енгізіп, инфрақұрылымды жаңарту — уақыт күттірмейтін міндетке айналып отыр.
Айта кетейік, бұдан бұрын Түркістан облысында 896 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егілетінін жазған болатынбыз.