Түркістан облысында қуаты 50 МВт болатын күн электр станциясы салынды

Түркістан облысының Отырар ауданында заманауи «Шәуілдір» күн электр станциясы ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Күн электр стансасы
Фото: Түркістан облысы әкімдігі

Заманауи күн электр станциясы Италияның «Plenitude» компаниясының инвестициясы есебінен салынды. Нысанның салтанатты ашылуына қатысқан Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды инвесторға, жобаны жүзеге асыруға үлес қосқан азаматтарға алғысын айтты.

«Түркістан облысының жаңартылатын энергия көздері саласында үлкен әлеуеті бар. Облыс негізінен энергияны сырттан импорттайды және өз қуаттары арқылы жалпы сұраныстың 30%-ын ғана қамтамасыз ете алады. Сондықтан бүгін ашылған станцияның маңызы өте зор. Қазірдің өзінде облысымызда жалпы қуаты 362 МВт болатын 25 жаңартылатын энергия нысаны бар. Өнеркәсіпті дамыту үшін қуат көздері жеткілікті болуы қажет. Ал жаңартылатын энергия саласын өркендету арқылы облыстың өнеркәсіп саласы да дамитынына сенімдіміз. Бұл бастама Италия мен Түркістан облысы арасындағы байланыстарды нығайтып, жаңа жобаларға жол ашады деген ойдамын», – деді Дархан Сатыбалды.

Италияның Қазақстан Республикасындағы елшісі Марко Альберти де маңызды жобаға тоқталып, екі мемлекет арасында іскерлік байланыс нығая беретінін жеткізді. Шәуілдірдегі күн электр станциясына соңғы технологиялар қолданылғанын атап өтті. Түркістан облысындағы тарихи сәтпен құттықтады. Ал «Arm Wind» ЖШС-нің басқарушы директоры Алекс Стиллавато жаңа күн электр станциясы Түркістан өңірінің дамуына серпін беретініне, көміртегінің ауаға таралуын азайтуға және ауа райының жақсаруына үлес қосатынына тоқталды. Жергілікті тұрғындар жұмыспен қамтылатынын айтты.

«Шәуілдір» күн электр стансасының құрылысы – «Plenitude» компаниясының Қазақстандағы күн энергетикасы секторындағы алғашқы маңызды қадамы.

Аталған жобаны «TURKISTAN INVEST» ЖШС сүйемелдеді. Құрылыс кезінде жергілікті тұрғындардан 300-дей адам жұмыспен қамтылды. Қазір күн электр станциясында 50 жұмыс орны ашылған. Станция 100 гектар аумақты алып жатыр. 93 мыңнан астам күн панелі мен қосалқы электр станциясы іске қосылды. Бұл тораптар ұзындығы 7,5 шақырым электр тасымалдау желісі арқылы жергілікті желіге біріктіріледі.

Соңғы жаңалықтар