Түркістан облысында құрбан шалу үшін арнайы мал сою орындары белгіленді

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Түркістан облысында Құрбан айт қарсаңында мал соятын арнайы орындар анықталды. Ал айт намазы 27 мамыр күні таңғы сағат 06:00-де өңірдегі 700-ден астам мешітте оқылады.

Астанада құрбан шалатын орындар қай жерде
Фото: Мухтор Холдорбеков/Kazinform

Түркістан облысы дін істері басқармасының бөлім басшысы Сүндет Жүсіпбектің айтуынша, облыс аумағында 43 арнайы мал сою орны белгіленген.

– Оның үшеуі – ет өңдеу кәсіпорындары. Екеуі Сайрам ауданында, біреуі Қазығұртта орналасқан. Сондай-ақ аудан, қалаларда 30 мал сою бекеті мен 10 алаң бар. Аталған орындарда ветеринариялық және санитариялық талаптарға сәйкес құрбандық шалу рәсімдері ұйымдастырылады, – деді спикер.

Түркістан қаласы аумағында алты орын дайындалды. Оның екеуі шаһардағы Түркістан-Ахмет Ясауи және Нәзір Төреқұлов атындағы мешіттерде орналасқан. Қалған орындар Шорнақ, Шобанақ, 30 жылдық және Ораңғай ауылдарында белгіленген.

Облыстың бас имамы Ержан Төлепов биыл құрбан шалудың уақыты 27 мамырда айт намазынан кейін басталып, 29 мамыр күні екінті намазына дейін жалғасатынын айтты.

– Құрбандықтың негізгі мәні – мұқтаж жандарға жәрдем беру. Сондықтан құрбан етін туыстарға, көршілерге және әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға тарату – сауапты іс. Түркістан облыстық бас мешітінде 300-ден астам мұқтаж отбасының тізімі жасақталған. Ал Түркістан қаласы бойынша 500-ден астам аз қамтылған отбасыға көмек көрсету жоспарланып отыр, – деді Ержан Төлепов.

Құрбан айт қарсаңында мал саудасы жандана түсетінін айтқан бас имам кәсіпкерлер мен саудагерлерді бағаны негізсіз көтермеуге шақырды.

– Тағы бір атап өтер маңызды жайт, құрбандық малын тек ет құнын төлеп, «бас-сирағы сатушыда қалады» деген шартпен шалуға болмайды. Шариғат бойынша құрбандыққа шалынатын мал толықтай иесінің меншігінде болуы тиіс, – деді спикер.

Ал Түркістан қаласының бас имамы Исмаил Панов облыс орталығында айт күндері ұлттық дәстүрді насихаттауға ерекше көңіл бөлінетінін жеткізді.

– Дін қызметкерлері айт күндері ұлттық киім киеді. Ұлттық спорт түрлерінен сайыстар ұйымдастырылып, қала тұрғындары мен қонақтарына бауырсақ пен дәстүрлі сусындар ұсынылады, – деді қаланың бас имамы.

Бұдан бұрын хабарлағынымыздай, Бас мүфти Құрбан айтқа дайындықта нені ескеру керегін айтты.