Түркістан облысында мал ұрлығымен айналысқан топтың әрекетіне тосқауыл қойылды

АҚТАУ. KAZINFORM – Түркістан облысы полиция департаментінің криминалдық полиция басқармасы мен Қазығұрт ауданының полиция қызметкерлері бірлесіп, үй жануарларын ұрлаған топты ұстады. 

Түркістан облысында мал ұрлығымен айналысқан топтың әрекетіне тосқауыл қойылды
Фото: ІІМ

Polisia.kz-тің мәліметінше, Қазығұрт аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғыннан арыз түскен. Ол белгісіз адамдар оның 20-дан астам қойы мен сиырын ұрлап кеткенін хабарлаған. Келтірілген материалдық шығын шамамен 5 миллион теңгені құрайды.

Ұрлық фактісін анықтау мақсатында полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізіп, айғақтарды зерттеді. Көп ұзамай 20-35 жас аралығындағы 5 күдікті қолға түсті. Тінту кезінде күдіктілердің бірінің үйінен 17 қой мен бір сиыр табылып, тәркіленді. Ұрланған малдың бір бөлігі базарда сатылған, түскен қаражат күдіктілердің қажеттіліктеріне жұмсалған. 

Қазіргі уақытта күдіктілер қамауға алынды. Сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. 

Полиция оқиғаның толық мән-жайын анықтау үшін қажетті шараларды жалғастырады.

Осыған дейін хабарлағанымыздай, Павлодарда 40 млн теңге шығын келтірген бір топ мал ұрысы ұсталды