Түркістан облысында марокко шегірткесіне қарсы өңдеу жұмыстарына 65 топ жұмылдырылады
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM - Арыс, Сарыағаш, Келес аудандарында 3 мыңнан астам азаматтың иелігіндегі жер қауіпті аймаққа енген.

Өткен жылы түркістандақтыр шегіртке мен шіркейден көп зардап шекті. Шегірткелер шаруашылыққа қауіп төндірсе, шіркейлерден адамдар зиян шекті. Бұл бағытта нақты алгоритмге сәйкес, ұйымдасқан, ғылыми тұжырымға сүйене отырып жүйелі әрі жедел әрекет жасау қажеттілігі талқыланып, негізгі шаралар бекітіліп отыр.
Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков зиянкестерге қарсы химиялық өңдеу жұмыстарына дайындықты пысықтау үшін жауапты басқарма басшыларының, аудан әкімдері орынбасарларының қатысуымен Арыс қаласында кезекті рет жиналыс өткізді.
Қазіргі таңда болжам орталығы ұсынған картаға сүйенсек, облыс көлеміндегі дәріленетін аймақтарда 65 топ жұмыс істейтін болады. Әр топқа химиялық өңдеуге белгілі бір аймақ бекітіліп, нәтижелі жұмыс үшін олар барлық қажеттіліктерімен қамтамасыз етіледі. Жұмыс штабтары да белгіленген аймақтарда орналастырылмақ. Дәрілердің мерзімінде жеткізілуі, судың қолжетімділігі, дәрілеу құралдарымен толық жабдықтау ісі тұрақты бақылауда болады.
Бүгінде Арыс, Сарыағаш, Келес аудандарында 3 мыңнан астам азаматтың иелігіндегі жер қауіпті аймаққа енген. Облыс картасының кескінінде техникамен, ұшақпен және жаяу жүріп өңдейтін аумақтар белгіленіп отыр. Аудан, қала әкімдерінің орынбасарларына өңірлердегі дайындықты пысықтап, туындауы мүмкін өзекті мәселелер мен қажеттіліктердің тізімін тез арада ұсынуы тиіс.
Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков әкімдіктерге жаңа ошақтарды анықтау мен дәрілеу нәтижесін бақылауға жер иелерін қатыстыруды тапсырды.
– Дайындық ақпан айының ортасына дейін аяқталуы тиіс. Жұмыстың басталуы ауа-райына байланысты екенін түсініп отырсыздар. Жер қызған кезде күбіршелерден жәндіктер жердің бетіне шығады. Екі аптада қанаттанып үлгереді. Осы екі аптада дәрілеуді, қажет болса, ауысыммен тоқтаусыз жүргізуіміз қажет, – деді Нұрбол Тұрашбеков.
Айта кетейік, бұдан бұрын Түркістанға қатынайтын әуе рейстерінің саны артатындығын жазған болатынбыз.