Түркістан облысында мектеп қызметкерлері жөндеу жұмыстарына тартылған

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Түркістан облысы Созақ ауданы Көктөбе ауылындағы мектеп ғимаратында әйелдердің жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан видеосы әлеуметтік желілерде кеңінен тарады.

а
Фото: видеодан алынған скрин

Бейнежазба желі қолданушылары арасында қызу талқыланып, жөндеу жұмыстарына әйелдердің тартылу себептері туралы түрлі пікірлер айтылған. Кейбір қолданушылар мұны мәжбүрлі еңбекпен байланыстырған. https://www.instagram.com/reel/DZ4VljyMMHx/?igsh=NzlzZjB5bm14bG9r

Осы жағдайға қатысты Түркістан облысының Білім басқармасы түсінік берді.

Ведомство мәліметінше, видеода көрсетілген азаматтар – мектептің техникалық қызметкерлері. Олар білім беру ұйымын жаңа оқу жылына дайындау мақсатында жүргізіліп жатқан жоспарлы жазғы жұмыстарға өздерінің лауазымдық міндеттері аясында қатысып жатыр.

– Мектептің техникалық қызметкерлері ұсақ жөндеу, ретке келтіру, тазалық сақтау және абаттандыру жұмыстарына қатысады. Құрылыс жұмыстары техникалық қызметкерлерге жүктеліп, олар қосымша немесе артық еңбекке тартылып жатқан жоқ. Қызметкерлердің еңбек міндеттері мен жұмыс уақыты қолданыстағы талаптарға сәйкес ұйымдастырылған, – делінген басқарма таратқан ақпаратта.

Сондай-ақ Білім басқармасы мектепте жүргізіліп жатқан ағымдағы әктеп-сырлау жұмыстарына бюджеттен қаржы қарастырылмағанын және бұл жұмыстар бойынша мемлекеттік сатып алу рәсімдері өткізілмегенін хабарлады.

– Жазғы кезеңдегі әктеп-сырлау жұмыстарына қажетті сыр-бояу мен эмульсия сатып алуға ғана қаржы бөлінді, – деп мәлім етті ведомство.

Бұған дейін Түркістандағы колледжде студент қыздарды ұлдардың бөлмесін жинауға мәжбүрледі деген ақпарат тараған болатын. Аталған жағдайға қатысты білім басқармасы түсінік берген еді.