Түркістан облысында мектеп мұғалімдері қатысқан жанжалдың видеосы тарады

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Сарыағаш ауданындағы Төлеген Тәжібаев атындағы № 67 мектепте мұғалімдер мен мектепке келген әйел арасында болған жанжалдың видеосы әлеуметтік желіде жарияланды.

Түркістан облысында мектеп мұғалімдері қатысқан жанжалдың видеосы тарады
Фото: Видеодан скрин

Кадрларда бірнеше адамның бір-бірімен сөзге келіп, жұлқыласқаны көрінеді. Бейнежазбада мектеп директорының қан қысымы көтерілгені, сондай-ақ оқиға орнына жедел жәрдем шақырылғаны және учаскелік полиция қызметкерлерінің келгені айтылған.

Оқиғаға байланысты Түркістан облысының білім басқармасы түсініктеме берді.

Басқарманың мәліметінше, аталған жағдай бойынша Сарыағаш аудандық білім бөлімі тарапынан мектепте зерделеу жұмыстары жүргізілген.

— 2026 жылғы 1 қыркүйекте мектепке қоғам белсенділері келгені анықталды. Мектеп қызметкерлері білім беру ұйымының аумағына келген тұлғалардың кім екенін және келу мақсатын анықтау үшін сұрақ қойған. Осы жағдай кезінде тараптар арасында түсініспеушілік туындап, ауызша пікірталас болған. Оның барысында қызметтік әдеп талаптарына сәйкес келмейтін сөздер айтылған, — делінген басқарма хабарламасында.

Тараптар ішкі істер органдарына тиісті өтініштер жолдаған. Қазір аталған жайт бойынша тексеру жүргізіліп жатыр. Оған құқықтық бағаны құзырлы органдар береді.

Білім басқармасының мәліметінше, қазіргі таңда мектептегі ахуал тұрақты. Оқиғаға байланысты мектеп директоры мен педагогтерге қызметтік әдеп нормаларын сақтау, қарым-қатынас мәдениетін ұстану және білім беру үдерісіне қатысушылармен өзара сыйластық негізінде қарым-қатынас жасау бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілген.

Бұған дейін аталған мектепте мұғалімдердің ақша жинау мен қысым көрсетуге қатысты дабыл қаққанын жазған едік.