Түркістан облысында науқастар емделіп жатқан кезде ауруханада жөндеу жүргізілген

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Мақтаарал ауданындағы Мырзакент ауруханасында науқастар ем алып жатқан кезде жөндеу және сырлау жұмыстары жүргізілгені туралы әлеуметтік желіде ақпарат тарады.

аурухана, больница, медицина, дәрігер, врачи, операция
Фото: Александр Павский / Kazinform

Желі қолданушылары құрылыс жұмыстары мен бояудың өткір иісі пациенттердің денсаулығына әсер етуі мүмкін екенін айтып, ауруханадағы жағдайға алаңдаған.

Осыған байланысты Түркістан облысының денсаулық сақтау басқармасы түсінік берді.

Басқарманың мәліметінше, 2026 жылғы 7 қыркүйекте аурухананың терапия бөлімінде науқастар санының аз болуына байланысты күндізгі уақытта ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген.

– Жөндеу барысында бөлімшенің дәлізі мен есіктерін сырлау жұмыстары атқарылды. Жұмыстар жүргізілген уақытта науқастардың қауіпсіздігі мен жайлылығын қамтамасыз ету мақсатында олар уақытша басқа бөлімшеге орналастырылды, – деп хабарлады облыстық денсаулық сақтау басқармасы.

Ведомствоның хабарлауынша, жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін терапия бөлімі штаттық режимде жұмысын жалғастырған. Пациенттер тарапынан жөндеу жұмыстарына байланысты шағым түспеген.

– Ауруханада жөндеу және абаттандыру жұмыстары санитариялық талаптар мен пациенттердің қауіпсіздігін сақтай отырып жүргізіледі, – делінген басқарма хабарламасында.

Бұған дейін Түркістан облысында жедел жәрдем қызметкерлерінің жол жөндеп жүргенін хабарлаған едік.