Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Түркістан облысында нөмірін жасырып жүрген жүргізушінің қулығы әшкереленді

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Түркістан облысында көлігінің мемлекеттік тіркеу нөмірін арнайы құрылғы арқылы жасырып жүрген жүргізуші полицейлерге ұсталды. 

Түркістан облысында нөмірін жасырып жүрген жүргізушінің қулығы әшкереленді
Фото: видеодан алынған скрин

Түркістан облысында полицейлер мемлекеттік тіркеу нөмірін қасақана бүркемелеп, жол қозғалысы ережесін бұзған жүргізушіні анықтап, заң аясында жауапкершілікке тартты.

Тәртіп сақшылары республикалық маңызы бар Шымкент — Самара автожолында жылдамдық пен уақытты өлшейтін бейнебақылау жүйесінен келіп түскен бағыттама негізінде Түркістан қаласына бағыт алған Toyota Camry автокөлігін тоқтатқан.

— Тексеру барысында көліктің мемлекеттік тіркеу нөміріне арнайы қолдан ашылып-жабылатын тетік орнатылғаны анықталды. Жүргізуші бұл құрылғымен нөмірді қажет кезінде жасырып, бейнебақылау камераларына түспеу және жауапкершіліктен жалтару мақсатында пайдаланған, — деп хабарлады облыстық полиция департаменті.

Құқық бұзушылық дерегі бойынша автокөлік айып тұрағына қойылып, жүргізушіге қатысты әкімшілік шара қолданылды.

Бұған дейін Түркістан облысында бір тәулікте нөмірсіз жүрген 50-ге жуық көлік анықталғаны туралы жазған едік