Түркістан облысында нөсерден келген шығын өтеле ме

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Түркістан облысының Төлеби және Қазығұрт аудандарында нөсер жауын салдарынан бірнеше тұрғын үй ауласы мен баспаналарды су басып, тұрғындарға қиындық туғызды.

в
Фото: Қазығұрт ауданы әкімдігі

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, Төлеби ауданында 3 тұрғын үйдің ауласы мен 1 жеке тұрғын үйге, ал Қазығұрт ауданында 78 тұрғын үй ауласы және 7 жеке тұрғын үйдің ауласына жаңбыр суы кірген.

Қазығұрт ауданындағы Қыдыр Мәмбетұлы ауылының тұрғыны Нұрсұлтан Дауылбаевтың айтуынша, баспанасына су кіріп, басқа үйге көшуге мәжбүр болған.

а
Фото: Қазығұрт ауданы әкімдігі

– Біздің ауылда нөсер жауыннан кейін су басу жағдайы жиі болады. Ең қауіптісі соңғы рет 2019 жылы болған еді. Биылғысы тіпті қиынға соқты. Ауылдағы 14 үйдің ауласын су басты. Үйімнің үш жағындағы қорғаны құлап, отырған үйімізге су кірді. Амалсыз әлі толық бітпеген үйге көшуге тура келді. Оның да қабырғасы жарылып, іргетасына зақым келді. Шығын аз емес, – деді ол.

Облыс әкімдігінің хабарлауынша, қазіргі таңда жауын-шашын тоқтап, жағдай тұрақталған. Аталған аумақтарда суды бұру және су тасқынының алдын алу бағытында жедел жұмыстар жүргізіліп жатыр.

а
Фото: Қазығұрт ауданы әкімдігі

Апат салдарын жоюға 100-ден астам адам, 20-ға жуық техника және 14 мотопомпа жұмылдырылған. Арнайы жұмысшы топтар күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр.

– Шығын анықталған жағдайда, оны демеушілер есебінен өтеу мәселесі әкімдік тарапынан қарастырылады, – делінген ведомсто таратқан ақпаратта.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов Қазығұрт ауданына барып, ахуалды бақылап, жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеді.

Аймақтағы су нысандары мен өзен-көлдердің жағдайы тұрақты бақылауда. Жергілікті атқарушы органдар мен төтенше жағдайлар қызметі жағдайды толық бақылауға алған.

к
Фото: Қазығұрт ауданы әкімдігі

Бұдан бұрын Түркістан облысында нөсер салдарынан көпірлерді су шайып, 81 адам эвакуацияланғанын жазған едік.