Түркістан облысында оқушы қыз бен анасын өлтіріп кетті

қауіпсіздік
Фото: Ағыбай Аяпбергенов/Kazinform

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Түркістан облысында кәмелетке толмаған қыз бен оның анасын өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті ізін суытпай ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Әлеуметтік желіде тараған ақпаратқа сүйенсек, мұғалім болып қызмет атқаратын ер адам 16 жасар қызға тиісіп келген. Мұны білген анасы күдіктінің үстінен арыз түсіріпті.

Содан кейін жұмыстан қуылған ол бір үйдің екі адамынан кек алған көрінеді.

Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері оқиғаның бүкіл мән-жайын анықтау мақсатында қажетті жедел-тергеу іс-шараларын жүргізіп жатыр. 

«Түркістан облысының тұрғыны мен оның кәмелетке толмаған қызын өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу мүддесіндегі өзге де ақпараттар жария етілмейді. Полиция азаматтарды жалған ақпарат таратпауға және тек ресми дереккөздерге сүйенуге шақырады», — деді Түркістан облысы полиция департаменті бастығының тергеу жөніндегі орынбасары Асылжан Қалдарбеков.

Ал, Түркістан облыстық білім басқармасының баспасөз қызметі аталған оқиға бойынша күдікке алынған ер адам білім саласында қызмет атқармайтындығын мәлімдеді.

«Күдікті деп танылған азаматтың білім саласында жұмыс істемейтінін мәлімдейміз» — делінген ақпаратта.

Соңғы жаңалықтар
telegram