Түркістан облысында өрттен келген шығын 580 млн теңгеден асты
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Түркістан облысында жыл басынан бері 219 өрт тіркелді. Бұл туралы облыстық ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Мейрамхан Кемелханов брифингте мәлімдеді.
Оның айтуынша, жыл басынан бері болған өрт салдарынан 4 адам көз жұмып, 6 адам жарақаттанған.
— Өрттердің басым бөлігі, яғни 111-і тұрғын үй секторында тіркелді. Негізгі себеп — электр құралдарын монтаждау және пайдалану талаптарының бұзылуы. Осы себептен 185 өрт шықты. Өрттен келген материалдық шығын көлемі 580 млн теңгеден асты. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 30,6 пайызға жоғары, — деді Мейрамхан Кемелханов.
Спикердің айтуынша, мемлекеттік өрт бақылауы аясында облыста 51 708 нысан есепке алынған. Жыл басынан бері 1521 тексеру жүргізілген.
— Тексеру барысында 135 нысанда бұрын берілген нұсқамалардың орындалмағаны анықталды. Соның негізінде Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 462-бабы бойынша әкімшілік іс қозғалып, сотқа жолданды. Нәтижесінде 113 нысанға жалпы 49 млн 638 мың теңге айыппұл салынды. Тағы 22 іс сот қарауында жатыр. Жалпы 915 адамға қатысты әкімшілік іс қаралды. Оның ішінде 597 азаматқа ескерту беріліп, 318 адамға жалпы 23 млн 563 мың теңге айыппұл салынды, — деп атап өтті Мейрамхан Кемелханов.
Сондай-ақ өңірде жыл басынан бері қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарында 30 өрт тіркелген. Осыған байланысты кінәлі тұлғаларға жалпы 8 млн 878 мың теңге айыппұл салынған.
Бұған дейін Түркістан облысында балабақша ғимараты өртенгенін жазған едік.