Түркістан облысында сапасыз салынған 44,5 км жол қайта төселді
АСТАНА. KAZINFORM — Осы жазда жолаушылар жаңадан төселген жолдың қалай толқынданып кеткенін көрсетіп, әлеуметтік желіге жариялаған еді.
Ұлттық сапа орталығының мәліметінше, бұл Өзбекстан шекарасымен түйісетін республикалық маңызды трасса. Нақтырақ айтсақ, «Жизақ — Гагарин — Жетісай — Киров — Қызыләскер — Сарыағаш — Абай — Жібек жолы» автомобиль жолының 144-156 және 197-220 шақырымы аралығы.
Ұлттық сапа орталығының Түркістан облысы бойынша филиалының инженері Нұржан Әшірматтың айтуынша, сараптама жұмыстары асфальтбетон қоспасының құрамы талапқа сай емес екенін анықтады.
— Зертханалық талдаулардан кейін тиісті нұсқау берілді. Мердігер жол жабынын түгел қырып тастап, битум эмульциясынан бастап қиыршық-құм қоспасын және асфальтбетон қабатын қайта төсеп шығуына тура келді. Аталған жол кепілдік мерзімінде. Демек бар шығынды мердігер көтереді. Анықталған ақауларды жоюға міндеттеледі, — деді ол.
Бұдан бұрын Атырауда асфальтбетон шығаратын 7 зауыт талапқа сай келмегенін жазғанбыз.