Түркістан облысында шегірткенің таралу аумағы 271,5 мың гектарға жетті

Түркістан
Фото: Қайрат Зайнишев\Kazinform

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Егістікті шегірткеден қорғау шаралары Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен апталық аппарат мәжілісінде талқыланды. Облыс әкімі жауапты сала басшыларына бірқатар тапсырма жүктеп, қауіп толық сейілгенше жұмыстарды тоқтатпауды тапсырды.

Ауыл шаруашылығы дақылдарына келетін кері әсердің алдың алу үшін ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Түркістан облысы әкімдігі тарапынан келісілген шегірткеге қарсы қосымша химиялық өңдеу жұмыстарының негізгі бөлігі жүргізілді. Қазіргі таңда қауіп сейіліп, жағдай тұрақтанды. Болжам бойынша, өңірде шегірткелердің таралу аумағы 271,5 мың гектарды құрады, іс жүзінде 340 мыңнан астам гектар өңделді. Яғни, өңірде қосымша 70 мың гектарға жуық аумақта химиялық өңдеу жүргізілді. Шегірткенің белсенді өсу кезеңінде жұмысты күшейту үшін қосымша техникалар тартылды. 

Арнайы топ мүшелері зиянкестерден келетін қауіп толық сейілгенше залалсыздандыру шараларын тоқтатпайды және көршілес мемлекеттермен шекаралас аумақтарды бақылауда ұстайды. 

Сала мамандарының айтуынша, биыл шегірткенің таралуы ауа-райының салқын, жаңбырлы, желді болуына байланысты созылды. Ал, аумақтарды өңдеуге мамандандырылған техника, оның ішінде жер үсті және әуе көлігі жұмылдырылды. 

«Залалсыздандырудың биыл ерте басталуынан ауыл шаруашылығындағы үлкен шығындарға жол берілмеді. Облыста жалпы өңдеу жұмыстары сәуір айының басында басталып, химиялық өңдеу жұмыстарына 100 дана жер үсті техникасы және 6 ұшақ жұмылдырылды. Фитосанитариялық шаралардың жүргізілуіне 40 инспектор, өзге облыстардан 3 маман, болжам орталығынан 79 маман және аудан, қала әкімдіктерінен қосымша 245 анықтаушы қатысты» — делінген Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі ұсынған ақпаратта.

Айта кетейік, бұған дейін шегіртке Түркістан облысының шаруаларын әбігерге салғанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар