Түркістан облысында ішімдіктен бас тартқан ауылдар саны 88-ге жетті

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Түркістан облысында 800-ге жуық ауылдың 88-і алкоголь өнімдерін сатудан толықтай бас тартқан.

Абай облысында тағы бір ауыл ауыл ішімдіктен бас тартты
Фото: Kazinform

Ресми мәліметке сәйкес, 2024 жылы өңірде алкоголь өнімдері сатылмайтын ауылдар саны 30 болса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 60-тан асты. Қазіргі таңда облыстағы 800-ге жуық ауылдың 88-інде ішімдік сатылмайды.

Тұрғындардың айтуынша, бастама жүзеге асқан елді мекендерде қылмыс, бұзақылық пен ұрлық-қарлық сияқты құқық бұзушылықтар тыйылған.

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, «Ішімдіксіз ауыл» бастамасын жүзеге асыруда Мақтаарал ауданы көш бастап тұр. Аудандағы 20 ауылдың сауда орындарында алкоголь өнімдерін сату тоқтатылған.

– Жалпы облыстағы 88 ауылдың сауда орындарында алкоголь өнімдері сатылмайды. Оның ішінде Мақтаарал ауданында – 20, Сайрам ауданында – 12, Келес ауданында – 10, Төлеби ауданында – 9 ауыл бар, – делінген ресми мәліметте.

Сондай-ақ Ордабасы ауданында – 7, Сауран ауданында – 6, Арыс қаласында – 5, Созақ, Қазығұрт, Сарыағаш және Отырар аудандарында – 3 ауылдан, Шардара және Түлкібас аудандарында – 2 ауылдан, ал Жетісай, Бәйдібек аудандары мен Кентау қаласында бір-бір ауыл алкоголь өнімдерін сатудан бас тартқан.

Еске сала кетейік, бұған дейін Түркістан облысында 800-ге жуық ауыл бар екенін хабарлаған едік.