Түркістан облысында сыныптасын өлтірген 4 оқушыға үкім шықты
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Түркістан облысында сыныптасын соққыға жығып, оның өліміне себеп болды деп айыпталған төрт жасөспірімге қатысты сот үкімі жарияланды. Негізгі айыпталушы 7 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Ал қалған үш жасөспірімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.
Түркістан облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты сыныптасын зират басына апарып, ұрып-соғып өлтірді деп айыпталған төрт оқушыға қатысты үкім шығарды.
Олардың үшеуі Қылмыстық кодекстің «Бұзақылық» бабы бойынша кінәлі деп танылды. Ал негізгі айыпталушыға бұл баппен қатар «Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру» бабы бойынша айып тағылды.
Адам өліміне әкелген қайғылы оқиға өткен жылдың қараша айында Түркістан қаласында болған.
Облыстық соттың мәліметінше, жасөспірімдер өздерімен бірге оқитын 9-сынып оқушыларын болмашы себеппен зират маңына жинап, сапқа тұрғызған. Кейін әрқайсысы олардың кеуде тұсына бір реттен жұдырықпен соққы жасаған. Мұнымен тоқтамаған негізгі айыпталушы жәбірленушілердің бірін тағы да жұдырықпен ұрған. Салдарынан жасөспірім оқиға орнында көз жұмған.
Прокурор соттан негізгі айыпталушыны 7 жыл 6 ай мерзімге, қалған үшеуін 1 жыл 4 ай мерзімге бас бостандығынан айыруды сұраған.
Сотталушылар кінәларын толық мойындап, шын ниетпен өкініш білдіріп, істі тоқтатуды немесе бас бостандығынан айырмайтын жеңіл жаза тағайындауды сұрады. Сондай-ақ кәмелетке толмаған 21 жәбірленуші мен олардың заңды өкілдері сотталушыларды кешіретіндерін айтып, қылмыстық істі тоқтатуды өтінген.
— Кәмелет жасқа толмаған сотталушы М. 7 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ кәмелет жасқа толмаған сотталушылар М., Б., Т.-ға 1 жыл 4 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды, — делінген облыстық соттың хабарламасында.
Қаза болған жасөспірімнің ағасы бір сотталушыны кешірген. Ал үшеуінен 30 млн теңге моральдық зиян өндіруді талап еткен. Алайда сот үкімімен олардың заңды өкілдерінің әрқайсысынан 200 мың теңгеден моральдық шығын өндірілді.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, Атырауда қатарласын пышақтаған оқушының ісі сотқа жетті.