Түркістан облысында тағы бір бала суға ағып кетті
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Түркістан облысы Сайрам ауданы Машат ауылындағы Машат өзенінде суға кеткен 2024 жылы туған бүлдіршінді іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр.
Алдын ала мәлімет бойынша, 31 наурыз күні сағат 18:00 шамасында 2 жасар бала ойнап жүріп, суға құлап, батып кеткен.

— Іздестіру-құтқару жұмыстарына Түркістан облысы мен Шымкент қаласының ТЖД Жедел-құтқару жасақтары, Полиция департаменті, прокуратура, жедел медициналық жәрдем қызметі, жергілікті атқарушы органдар, сондай-ақ туыстары мен жергілікті тұрғындар жұмылдырылды, — деп хабарлады облыстық Төтенше жағдайлар департаменті.

Жалпы іздестіру жұмыстарына 250 жуық адам, 14 техника, 2 жүзу құралы, ТЖМ 1 кинологиялық есебі мен ұшқышсыз ұшу аппараты және 1 спутниктік байланыс құралы тартылған.

— Қазіргі уақытта су түбі 1 км, жағалау сызығы 5 км (жаяу) тексерілді. Сондай-ақ дрон арқылы 1 км аумақ бақыланды. Іздестіру-құтқару жұмыстары жалғасып жатыр, — деп мәлімдеді ведомство.
Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, 23 наурыз күні Түркістан облысы Келес ауданында 8 жасар бала өзенге батып кеткен еді. Бүлдіршін әлі табылған жоқ.