Түркістан облысында тазалық талаптарын бұзғандарға 166 млн теңгеден астам айыппұл салынды
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Түркістан облысында «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасының іске асырылу нәтижелері жария етілді.
Облыста қоғамдық орындардың тазалығы мен қоғамдық тәртіптің сақталуына бақылау күшейтілді. Соның нәтижесінде жыл басынан бері Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-2-бабы бойынша 4719 әкімшілік хаттама толтырылып, 135,4 млн теңге айыппұл салынды. Оның 87,9 млн теңгесі өндірілді. Сондай-ақ Кодекстің 505-бабы бойынша 4 941 хаттама рәсімделіп, 31,5 млн теңге айыппұл салынды. Оның 22 млн теңгесі өндірілген.
Облыс әкімдігінің мәліметінше, бағдарлама аясында іске қосылған «Таза Қазақстан» Telegram чат-боты арқылы тұрғындардан 1 323 өтініш түскен.
— Ауылдық округ әкімдіктері тарапынан да қоғамдық тәртіпті сақтау бойынша жұмыстар жалғасып жатыр. Жыл басынан бері 2 794 әкімшілік хаттама толтырылып, олардың 2 465-і ескерту түрінде рәсімделді. «Ғарыш Сапары» анықтаған 250 қоқыс орнының бүгінгі күнге дейін 33-і толық тазартылмаған. Осыған байланысты жауапты әкімдіктерге аталған кемшіліктерді толық жою міндеті жүктелді, — делінген хабарламада.
Ал маусым мен шілде айларында жүргізілген мониторинг барысында облыс аумағында 399 кемшілік анықталған. Оның 349-ы бей-берекет қоқыс орындарына, 50-і саябақтар, скверлер мен аллеялардың күтіміне қатысты болды. Жауапты мекемелерге берілген тапсырмалар нәтижесінде анықталған барлық кемшілік толықтай жойылған.
Бұған дейін Түркістан облысында 247 заңсыз қоқыс орны анықталғанын хабарлаған едік.