Түркістан облысында той кортежі жол ережесін өрескел бұзды
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Түркістан облысы Полиция департаменті әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында Алматы — Шымкент автожолының 667 шақырымында үйлену той кортежінен бірнеше автомобиль жүргізушілерінің жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзу фактісін анықтады.
Белгілі болғандай, Сайрам ауданының тұрғыны үйлену тойын өткізу үшін 10-ға жуық автокөлік жалдаған. Олардың жүргізушілері жол ережесін өрескел бұза отырып, басқа да көліктерге кедергі келтіріп, апаттық жағдай туғызған.
— Қазіргі уақытта барлық жүргізуші анықталып, жауапқа тартылды. Ал автомобильдер айыптұрағына қойылды. Сондай-ақ ұйымдастырушымен профилактикалық әңгіме жүргізілді. Полиция барлық азаматты жол қозғалысы ережелерін сақтауға шақырады, сондай-ақ ереже бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді, — деді Түркістан облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Бағланбек Айтпаев.
Бұдан бұрын Түркістан облысында ІІ топтағы мүгедекті зорлаған үш адам сотталғанын жазған едік.