Түркістан облысында тұрғындар ауыл іргесінде мал бордақылау алаңының салынуына қарсы

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Келес ауданы Қошқарата ауылдық округіне қарасты Мақташы ауылының тұрғындары елдімекенге жақын аумақта ірі мал сою алаңын салуға наразылық білдірді.

мал шаруашылығы, бордақылау алаңы
Фото: АШМ

Аудан әкімдігі инвесторға аталған ауылдан 20 га жер телімін бөлген. Бұл – жеке кәсіпкердің бастамасы. Кәсіпкер 8 млрд теңге инвестиция салып, соңғы үлгідегі технологиялармен жабдықталған мал бордақылау алаңын салуды жоспарлап отыр.

Алайда ауыл тұрғындары өндірістік нысанның ауылға жақын орналасуы халықтың өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға тікелей қауіп төндіреді деп санайды. Олар жобаға қатысты өткен қоғамдық тыңдаулардан хабарсыз қалғандарына да қынжылысын білдірді.

Түркістан облысында тұрғындар ауыл іргесінде мал бордақылау алаңының салынуына қарсы
Фото: видеодан алынған скрин

– Ауылымыз жел өтінде орналасқан. Жел тұрса болды, өндірістен шығатын жағымсыз иіс тікелей ауылға келетіні анық. Ауылда жайылым жер өте тапшы. Халықтың негізгі күнкөрісі – мал шаруашылығы. Цех салынатын жер – қазіргі қолданыстағы жайылым. Бұл дегеніміз – халықты нәпақасынан айыру. Ең маңыздысы – адам денсаулығы. Ауылда жас балалар мен қариялар көп. Мал сою цехтарынан шығатын қалдықтар, иіс, санитарлық қауіп – түрлі ауруларға алып келуі әбден мүмкін, – дейді ауыл тумасы Әлфараби Мыңбай.

Оның пікірінше, Экологиялық кодекстің 13, 57-баптарында азаматтардың қолайлы қоршаған ортада өмір сүруге құқығы бекітілген және талаптарға сай, мұндай нысандар елдімекеннен санитарлық-қорғау аймағынан тыс салынуы тиіс.

Түркістан облысында тұрғындар ауыл іргесінде мал бордақылау алаңының салынуына қарсы
Фото: видеодан алынған скрин

– Ауыл халқы кәсіпкерлікке қарсы емес. Біз даму мен жұмыс орындарының ашылғанын қолдаймыз. Бірақ өндіріс ауылдың дәл іргесіне емес, елдімекеннен алыс, арнайы өндірістік аймаққа салынсын деген талап қоямыз. Бұл – бір ауылдың ғана емес, болашақ ұрпақтың денсаулығы мен тағдырына қатысты мәселе, – деді ол.

Аталған мәселе бойынша Kazinform тілшісінің жолдаған сұрауына Келес ауданы әкімдігі ресми түсінік берді.

– Ауыл тұрғындарының алаңдаушылығы ескерусіз қалған жоқ. Қазіргі таңда инвесторға Ақтөбе ауыл округінің аумағынан қосымша жер телімі ұсынылды. Жер рәсімдеу жұмыстары аяқталған соң, жобаның құрылысы сол аумақта басталады. Сонымен қатар, кәсіпкер бұған дейін бөлінген 20 га аумақта қосымша кәсібін дамытуға ниеттеніп отыр. Жобаның басты ерекшелігі – жағымсыз иіс пен қалдықтардың қоршаған ортаға таралуына жол бермейтін заманауи экологиялық шешімдердің қарастырылуы, – деді аудан әкімінің кеңесшісі-баспасөз хатшысы Ержан Әшімов.

Түркістан облысында тұрғындар ауыл іргесінде мал бордақылау алаңының салынуына қарсы
Фото: видеодан алынған скрин

Мәселе көтерілген соң, жобаның мән-маңызын түсіндіру үшін Қошқарата ауылдық округінде ауыл тұрғындарымен кездесу ұйымдастырылған. Оған аудан әкімдігінің жауапты сала басшылары қатысты.

– Қандай да бір құрылыс немесе өндіріс нысаны экологиялық талаптарға сай келмейінше іске қосылмайды. Бұл мәселе алдағы уақытта да ашық әрі жария түрде талқыланып, тұрғындармен тиімді байланыс жалғасады, – делінген аудан әкімдігінің ұсынған ақпаратында.

Бұдан бұрын Түркістан облысы Төлеби ауданы Бірінші мамыр ауылында тұрғындар балмұздақ өндіретін зауыттың кәріз суынан шығатын жағымсыз иіске шағымданғанын жазған едік. Аталған зауыт басшылығы өндірісті кеңейту мақсатында кәсіпорынмен іргелес жатқан аумақтағы бірнеше азаматтың тұрғын үйін сатып алып, құрылыс жұмыстарын бастап кеткені хабарланған болатын

Соңғы жаңалықтар
Референдум