Түркістан облысында заңсыз аң аулаған Сирия азаматтары ұсталды
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM - Мемлекетке келтірілген шығынның көлемі 1 миллиард теңгеден асады.
Күдіктілерден 382 ақбөкен мүйізі, 119 томаға, 20-дан астам құс ұстауға арналған тұзақ, 7 рация, аңшылық және пневматикалық мылтық, оптикалық көру құралы, жарықтандырғыш, 15 келіге жуық арқар еті және басқа да заттай дәлелдемелер тәркіленді.
Мемлекетке келтірілген шығынның алдын ала есептелген көлемі 1 миллиард теңгеден асады.
Қазір браконьерлік фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тиісті сараптамалар тағайындалды.
«Тәртіп сақшылары Созақ ауданы мен Шымкент қаласы аумағында ҚР Қызыл кітабына енгізілген жануарлар мен құстарды заңсыз аулау, сондай-ақ дериваттарды сақтау және сатуға күдікті адамдар тобының қылмыстық әрекетін анықтап, жолын кесті. Жалпы 7 адам ұсталды. Полицияға жеткізілгендердің төртеуі Қазақстан азаматы, ал қалған үшеуі елімізде тұруға ықтиярхаты бар Сирия азаматтары» - делінген Түркістан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі ұсынған ақпаратта.