Түркістан облысында зейнетақы мен жәрдемақы тағайындауда 4 мыңнан астам кемшілік анықталды
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Облыста жалпы 786 576 азамат әлеуметтік төлемдермен қамтылған. Оның ішінде 213 086 азамат жасына байланысты зейнетақы, 194 135 азамат базалық зейнетақы, 379 355 азамат мемлекеттік жәрдемақы алады.
Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитеті Түркістан облысы бойынша департаментінің мәліметінше, «Е-макет» автоматтандырылған ақпараттық жүйесі арқылы биыл 196 443 әлеуметтік төлем тағайындалған. Оның 92 019-ы алғаш рет тағайындалса, 104 424 төлем қайта қаралып, бекітілген.
— 2026 жылдың 8 айында өңірде зейнетақы мен жәрдемақы тағайындау кезінде 4236 жағдайда кемшілік анықталып, кері қайтарылды. Негізгі себептер — еңбек кітапшаларын рәсімдеу талаптарының сақталмауы, ұйым мөрінің анық болмауы, табыстың расталмауы және міндетті аударымдардың дұрыс жүргізілмеуі. Ал жәрдемақылар бойынша құжаттардың талапқа сай ұсынылмауы себеп болған, — делінген ведомство хабарламасында.
Сонымен қатар 53 зейнетақы мен жәрдемақы және 2636 мемлекеттік кепілдік төлемі белгіленген талаптарға сәйкес келмеуіне байланысты тағайындалмаған.
Бұған дейін 1 қазаннан бастап жұмыссыз азаматтарға көрсетілетін көмектің өзгеретінін хабарлаған едік.