Түркістан облысында жайылымдағы мал жыртқыштарға жем болып жатыр
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Түркістан облысының Бәйдібек ауданында қасқырлар жайылымдағы малға ауыз салып, қырып жатыр. Жыртқыштардан әсіресе аудандағы Майбұлақ, Жаңаталап, Ақтас, Ағыбет сияқты бірнеше ауыл тұрғындары зардап шегіп отыр.
Жергілікті тұрғындардың айтуынша, ит-құстардың малға шабуы тамыз айынан бері жиілеген. Олар қанша күзетсе де, қасқырдың бетін қайтара алмай отырғанын айтады. Ұсақ малды айтпағанда сиыр мен жылқысынан айырылған шаруалар көп.
Мәселен, Ағыбет ауылдық округінде қора салып, жылқы бағып отырған шаруа Әтірхан Кемелбековтың 10 шақты малын қасқыр жеп кеткен.
Ал тағы бір шаруа Аян Мыңбайдың 12 бас жылқысы түз тағысына жем болған. Бұдан бөлек, ауыл тұрғындарының біразында жекелей шығындар аз емес.
Қасқырлардың малға шабу оқиғалары Боқтысай, Қалаубай асуы, Құсұя, Жанамасай, Тұйықбұлақ аймақтарында да тіркеліп отыр.
Ауыл тұрғындарының қасқырларды өз бетінше атуға рұқсаты жоқ. Себебі, ауылдағы мылтықтар жаппай жинап алынған.
Бәйдібек ауданы әкімдігінің мәліметінше, Ағыбет ауыл округі әкімі аппараты тарапынан Түркістан облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы басшылығына қасқыр аулаушылар тобын жіберу жөнінде қыркүйек және қазан айларында екі рет ресми хат жолданған.

— Бірінші хат жолданғаннан кейін аталған мекеме тарапынан аңшылар тобы бір күнге келді, алайда қасқыр жолықпаған. Екінші ұсыныс хат жолдаған уақытта аталған мекеме тарапынан қарашаның 1-3 күндері қасқыр санын реттеуге көмекке шақыртылғанын хабарлады, бірақ белгісіз себептермен келмеді. Енді алдағы 10 күннің көлемінде аталған ауылдарға бір топ аңшылар келеді деп жоспарланып отыр, оларға қасқырларды ұстау, ату бойынша аудан тарапынан тиісті көмек беріледі, — делінген аудан әкімінің баспасөз хатшысы Жеңіс Дүмшебаевтың бізге ұсынған жауабында.
Бұдан бұрын Түркістан облысында қуаңшылықтан егістік күйіп, мал азығы қымбаттағанын жазған едік.