Түркістан облысында жер қойнауын заңсыз пайдаланушылар азаймай тұр
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM - Түркістан облысында заңсыз карьер қазушыларға қарсы күрес күшейе түсті. Бүгін облыс әкімі аппаратының апталық отырысында аталған салада атқарылған жұмыстар мен жоспарлар талқыланды.
Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Нұржігіт Мырзахметовтың айтуынша, өңірде 175 жер қойнауын пайдаланушы бар. Олардың 84-і келісімшартпен, ал 91-і лицензия негізінде жұмыс істейді. Карьерлердің басым бөлігі Сауран, Сайрам, Ордабасы аудандары мен Арыс қаласының аумағында орналасқан.
Келісімшарттық міндеттемелерін толық орындамаған және су қорғау белдеуінде орналасқан 9 жер қойнауын пайдаланушының келісімшарты мерзімінен бұрын тоқтатылса, 7 келісімшарттың қолданысы уақытша шектелген.
Сонымен қатар заңсыз жер қойнауын пайдаланудың алдын алу мақсатында өткен жылы аудан, қалаларда жалпы 461 рейдтік іс-шаралар жүргізіліп, 276 техника айыптұраққа қойылған. 31,8 млн теңге айыппұл өндірілген.
Түркістан облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Асылжан Қалдарбеков те жер қойнауын өз бетінше пайдаланушыларды анықтау бағытында бірлескен мобильді топтар құрып, жедел-профилактикалық, рейдтік іс-шаралар ұдайы жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.
Өткен жылы жер қойнауын өз бетінше пайдалану бойынша жалпы 291 хабарлама тіркелсе, биыл 15 хабарлама тіркеліп, заңсыздыққа жол бергендер жауапқа тартылған.
Экология департаменті 291 дерек бойынша шара қолданып, жер қойнауын заңсыз пайдаланушыларға 2 миллион 594 мың 804 теңге айыппұл салынған. Оның 1 миллион 565 мың 707 теңгесі өндіріліп, техникалар айыптұраққа қойылды.
Сондай-ақ, 2023 жылы Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 334-бабымен (Жер қойнауын өз бетінше пайдалану) жалпы 15 іс тіркелген. Қазіргі таңда қылмыстық істерге қатысты Алматы қаласы бойынша «Сот сараптама институты» ММ-нен қорытындылар күтілуде.
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды табиғатқа зиянын тигізіп, заңсыз әрекетке барған жер қойнауын пайдаланушыларды қатаң бақылауға алып, тиісті жұмыстар жүргізуді жалғастыруды тапсырды.
«Жұмысын заңсыз жүзеге асырып, карьерлерді қазып жүргендерге қарсы қатаң шаралар қабылдануы тиіс. Өзен арналарына зақым келтіру, жолдарды бүлдіру оқиғалары тіркелді. Бей-жай қарап отыруға болмайды. Заң аясында жауапқа тарту керек. Екіншіден, жауапты басқарма жер қойнауын пайдаланушыларға лицензия берерде олардың міндеттерін түсіндірсін. Кәсіпкерлер өз міндеттемелерін толық орындаулары қажет. Келісімшарт жасалып қойған кәсіпкерлерге де талапты күшейткен дұрыс», – деді Дархан Сатыбалды.