Түркістан облысында жыл басынан бері сталкинг бойынша 6 іс сотқа жолданды
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Түркістан облысында сталкинг фактісі бойынша 8 қылмыстық іс тіркелді.
Полиция департаментінің хабарлауынша, облыс аумағында азаматтарды жүйелі түрде қудалау (сталкинг) фактілеріне қарсы қылмыстың алдын алу мақсатында тұрғындарға түсіндіру жұмыстары жүргізіп келеді.
– Жыл басынан бері облыста 8 қылмыстық іс тіркелді. Қазіргі таңда 6 іс сотқа жолданды. Құқық қорғау органдары сталкинг фактілерін дер кезінде анықтау, жолын кесу, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және кінәлі тұлғаларды жауапкершілікке тарту бағытында кешенді шаралар қабылдап жатыр, – деп хабарлады облыстық полиция департаменті.
Ресми мәліметке сүйенсек, сталкинг бойынша Қылмыстық кодекстің 115-1-бабына сәйкес жаза ретінде 200 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл, 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту немесе 50 тәулікке дейін қамауға алу қарастырылған.
Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, Қазақстанда сталкинг қылмыс ретінде енгізілген күннен бастап сотқа 51 іс жолданған. Оның ішінде 36 іс бойынша күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды.