Түркістан облысында жылу маусымы қашан аяқталады

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Түркістан облысында 2025-2026 жылғы жылыту маусымы штаттық режимде өтіп жатыр.

жылу
Фото: Freepik

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының мәліметінше, өңірде ауа температурасы жылыту кезеңі барысында тұрақты деңгейде сақталған.

Қазіргі таңда облыста 1 жылу-энерго орталығы, 36 орталықтандырылған және 2 083 автономды қазандық қалыпты жұмыс істеп тұр. Нәтижесінде 1 297 білім беру, 685 денсаулық сақтау, 685 мәдениет, 7 жұмыспен қамту, 73 спорт нысаны және 737 көпқабатты тұрғын үй жылумен толық қамтамасыз етілген.

Сондай-ақ, осы қыста бюджеттік мекемелер, тұрғындар және жылыжайлар қажетті көмірмен толық қамтылды. Бұл мақсатта 580 мың тоннадан аса көмір әзірленді.

Ведомство мәліметінше, облыстағы жылыту маусымы тұрақты бақылауда.

– Сыртқы ауаның орташа тәуліктік температурасы бес күн қатарынан +8°C және одан жоғары болған жағдайда немесе күрт жылыну болжанса, аудан және қала әкімдері арнайы өкіммен жылыту маусымын аяқтау туралы шешім қабылдайды. Осыған байланысты өңірде жылыту маусымын 1-15 сәуір аралығында аяқтау жоспарланып отыр, – делінген хабарламада.

Бұдан бұрын Түркістан облысында коммуналдық кәсіпорын жылу тарифін бірнеше есе негізсіз көтергенін жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар