Түркістан облысында ЖРВИ-мен ауырған балалар 190 мыңға жуықтаған

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Түркістан облысында жіті респираторлық вирустық инфекцияны жұқтырғандар саны артқан. 

Түркістан облысында ЖРВИ-мен ауырған балалар 190 мыңға жуықтаған
Фото: Мухтор Холдорбеков/Kazinform

Түркістан облыстық санитариялық-эпидемиялогоиялық бақылау департаментінің мәліметінше, 2025 жылдың 11 айында облыста ЖРВИ инфекциясымен сырқаттанған 313 173 науқас тіркеліп, 2024 жылдың көрсеткішімен салыстырғанда 28,3%-ға өскен. Ауырғандардың басым бөлігі — 14 жасқа дейінгі балалар, яғни 189 836 жағдай тіркелген.

Биыл өңірге тұмауға қарсы ресейлік «Гриппол+» екпесінің 271 348 данасы бөлініп, тұрғындарға толық салынған. Соған қарамастан өткен жылмен салыстырғанда тұмаумен ауыру 13,6 есеге жоғарылаған. Ал тағамнан улану 25,8%-ға өскен.

Брифингте белгілі болғандай, жыл басынан бері өңірдегі нысандардың санитариялық талаптарға сәйкестігі бойынша 193 нысан тексерілген.

— Нәтижесінде анықталған кемшіліктер негізінде 191 тұлғаға 59 млн 628 мың теңге айыппұл салынды. Кемшіліктерді жою туралы 122 нұсқама берілді. Сондай-ақ, жыл басынан бері 1 236 тергеп-тексеру жүргізілді. Оған сәйкес, 628 нысанда заңбұзушылықтар анықталып, 581 тұлғаға 43 млн 349 мың теңге көлемінде айыппұл салынды. Облыстағы орталықтандырылмаған ауыз су көздеріне санитариялық-химиялық көрсеткіштер бойынша 227 су сынамасы тексеріліп, 23 сынама талапқа сәйкес келмеген, — деді департамент басшысы Нұрбек Нышанов.

Бұдан бөлек, жыл басынан бері өңірде тамақтан уланудың 3 жағдайы (Түркістан қаласы мен Сайрам ауданында) тіркеліп, 108 адам зардап шеккен. Ал ботулизм бойынша 3 жағдай тіркелген, зардап шегуші — 6 адам. Улануға себеп болған — үй жағдайында дайындалған консервіленген қияр, қызанақ, көкөністен жасалған салат өнімдері.

Бұдан бұрын Түркістанда адамдар сушидан уланған кафе қайтадан заңсыз жұмыс істегенін жазған едік

Соңғы жаңалықтар