Түркістан облысындағы Ащысай ауылын не алаңдатады
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Кезінде өндірісімен аты шыққан Ащысай ауылы бүгінде жұпыны күй кешіп тұр. Бұрын 20 мыңға жуық тұрғыны болған елді мекенде қазір екі мыңнан астам ғана адам қалған. Kazinform тілшісі ауылдағы ахуалмен танысып қайтты.
Ауылдың ең үлкен мәселесі – жұмыссыздық
Ащысай – өткен ғасырда Қазақстанның ірі өндіріс орталығы болған ауыл. 1927 жылы негізі қаланған Ащысай полиметалл комбинаты ұзақ жылдар бойы қорғасын мен мырыш өндіріп, даңқы дүркіреген. Алайда өндіріс тоқтағаннан кейін кәсіпорын жұмысы да тоқырап, қаңыраған ғимараттар қалған.
Жергілікті тұрғындардың айтуынша, бір кездері 20 мыңға жуық адам тұрған ауылда қазір 2 мыңдай ғана тұрғын қалған. Халықтың жаппай көшуіне ең алдымен жұмыс орындарының азаюы себеп болған. Бүгінде ауыл мектебінде 200-ден астам оқушы білім алады.
Ауыл тұрғыны Ержан Жұмабековтің айтуынша, көптеген тұрғын басқа жаққа қоныс аударғанымен, тіркеуде әлі де Ащысайда тұр.
– Ауылдың жағдайы жылдан-жылға қиындап барады. Кезінде мұнда шахта, зауыт және бірнеше өндіріс цехы болды. Кейін олардың жұмысы тоқтап, нысандар жекеменшікке өтті. Салдарынан халық саны азайды. Қазір негізінен зейнеткерлер мен вахталық әдіспен жұмыс істейтін азаматтардың отбасылары ғана қалған. Ауыл тұрғындарының бір бөлігі бюджеттік мекемелерде жұмыс істейді. Қалғандары азын-аулақ мал ұстап, күн көріп отыр, – дейді ол.
Ауыл ақсақалы Темірхан Бабажанов елді мекенді дамыту үшін өндірісті қайта жандандырумен қатар туризм саласына да басымдық беру қажеттігін айтады.
– Ауылдың ең үлкен мәселесі – жұмыссыздық. Егер жастарға тұрақты жұмыс болса, олар туған жерінен көшпес еді. Қаратаудың бұл беткейі туризмді түлетуге де таптырмас мекен. Бұрынғы шахта аумағында әлі де игеруге болатын қорлар бар. Зауыт қалдықтарының құрамында да түрлі металдар кездеседі. Осы бағытта шағын өндіріс орындарын ашу мәселесі бірнеше рет көтерілді, алайда әзірге нақты нәтиже жоқ, – деді ауыл ақсақалы.
Ащысай ауылының әкімі Жеңіс Байкөбековтің айтуынша, мұнда бірнеше рет шетелдік инвесторлар келіп, оның ішінде қытай, араб және түрік компаниялары жұмыс орындарын ашу мәселесін талқылағанымен, әзірге нақты келісімге қол жеткізілмеген.
– Негізінен қытай инвесторлары қызығушылық танытып отыр. Олар 130-150 жергілікті тұрғынды жұмыспен қамтуды көздейді. Инвесторлар өндірістің газбен жұмыс істеуі тиімді деп есептейді, сонымен қатар оған жоғары қысымды газ қажет екенін алға тартып отыр. Алайда ауылға әлі газ тартылмаған. Осыған байланысты олар зауытты Кентау қаласындағы индустриялық аймаққа орналастыруды ұсынды. Біз керісінше, өндірістің ауыл ішінде іске асқанын қалаймыз. Дегенмен келіссөздер әлі тоқтаған жоқ, жұмыс жалғасып жатыр, – деді ауыл әкімі.
Әкімнің сөзінше, қазіргі таңда ауылда 98 жұмыссыз азамат тіркелген. Оларды жұмыспен қамту мақсатында мемлекеттік бағдарламаларға тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бірақ кепілге қоятын мүліктің болмауы тұрғындардың жеңілдетілген несие алуына қиындық туғызып отыр.
Мәдениет үйі мен ескі көпқабатты үйлердің мәселесі қалай шешіледі
Ащысайдағы тарихи нысандардың бірі – 1938 жылы салынған ауылдық клуб. Тұрғындардың айтуынша, 90 жылға жуық тарихы бар мәдениет ошағы бүгінде пайдаланылмай тұр. Өткен жылы ғимараттың шатыры өртеніп, содан бері жұмысын тоқтатқан.
Ауыл әкімінің айтуынша, 2025 жылғы тамызда жасалған техникалық қорытындыға сәйкес, ғимарат апатты жағдайда деп танылып, қайта қалпына келтіруге жарамсыз деп көрсетілген. Дегенмен тұрғындардың бір бөлігі тарихи нысанды бұзуға қарсы.
– Талапқа сәйкес, жаңа мәдениет үйінің құрылысына ескі ғимарат бұзылған жағдайда ғана қаржы қарастыруға мүмкіндік бар. Қазір тұрғындарға түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Егер ортақ келісімге келсе, жаңа мәдениет үйінің құрылысы 2027 жылы басталуы мүмкін, – деді ауыл әкімі.
Ауылға кіреберісте де қаңырап тұрған ескі көпқабатты тұрғын үйлер көзге түседі. Тұрғындардың айтуынша, олардың басым бөлігі бос қалған.
– Бес қабатты үйлердің кейбірінде бұрын екі-үш отбасы ғана тұратын. Қазір олар да көшіп кеткен. Қалған үйлерде де санаулы ғана тұрғын бар, – дейді ауыл тұрғыны Ержан Жұмабеков.
Ауыл әкімінің мәліметінше, елді мекенде ескі үлгідегі 22 көпқабатты тұрғын үй бар.
– Бұл үйлерде жалпы 428 пәтер орналасқан. Оның ішінде 87 пәтер иесіз деп танылып, Ащысай ауылы әкімдігі аппаратының теңгеріміне қабылданып жатыр. Сондай-ақ 5 пәтер техникалық жағдайына байланысты тұруға жарамсыз деп танылған. Алдағы уақытта бос тұрған пәтерлерді жөндеп, қайта пайдалану жоспарланып отыр, – деді ауыл әкімі.
Орталық көше 10 жылдан бері жөндеу көрмеген
Тұрғындар көтеріп жүрген негізгі мәселелердің бірі – жолдың жай-күйі. Олардың айтуынша, орталық көшеге соңғы 10 жылдан бері күрделі жөндеу жүргізілмеген.
– 2023 жылы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бес көшеге суағар арналары мен жаяу жүргіншілер жолы салынып, жарық бағаналары орнатылды. Сонымен қатар жеті көшенің жолы асфальтталды. Ал орталық көшеге қатысты бюджеттік өтінім дайындалды. Егер тамыз айында қаржы бөлінсе, жолдың ақаулы бөлігінің 500 шаршы метріне асфальт төсеу жоспарланып отыр, – деді ауыл әкімі.
Тұрғындар үшін өзекті мәселелердің тағы бірі – табиғи газ.– Ауылға газ тартылады дегенді бірнеше жылдан бері естіп келеміз. Алайда нақты жұмыс басталған жоқ. Көршілес Ойық елді мекеніне газ жеткенімен, Ащысай әлі көгілдір отынға қосылған жоқ. Кентауға қарасты басқа ауылдар газбен қамтылды, тек біздің ауыл қалып отыр, – дейді Ержан Жұмабеков.
Әкімдіктің мәліметінше, Ащысай ауылында орталықтандырылған газ жүйесіне қосылатын 336 тұрғын үй бар. Қазіргі таңда ауылды табиғи газбен қамту жобасының жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп жатыр.
– Ауылды газдандыру үшін жоғары қысымды газға қосылу нүктесі Ойық елді мекенінде орналасқан. Магистральдық газ құбырының ұзындығы – 19 шақырым. Қазіргі уақытта топографиялық түсірілім, геологиялық ізденіс жұмыстары жүргізіліп, техникалық шарттар алынған. Мемлекеттік сараптаманың қорытындысын осы жылдың соңына дейін алу жоспарланған. Қаржы бөлінген жағдайда құрылыс жұмыстары басталады, – деді ауыл әкімі.
Бұдан бұрын Түркістан облысында мемлекеттен берілген субсидияларды қайтаруға қатысты 1000-нан астам азаматтық іс қаралып жатқаны туралы жазған едік.