Түркістан облысындағы қоғамдық тамақтану орындарында улану жағдайлары жиілеген
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Өңірдегі қоғамдық тамақтану орындарының көпшілігі рұқсатсыз қызмет еткен.

Соңғы жылдары Түркістан облысында қоғамдық тамақтану орындарында тағамнан жаппай улану жағдайлары жиілеген. Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, соңғы үш жылда бес жаппай улану дерегі тіркеліп, 200-ден астам адам зардап шеккен. Бұл жайттар Арыс, Кентау, Келес, Түркістан және Сайрам аудандарында болған.
Департаменттің мәлімдеуінше, өңірдегі 3883 тамақтану орнының 77 пайызы қызметін рұқсат құжаттарынсыз, яғни санитариялық-эпидемиологиялық сәйкестігі туралы қорытындысыз және қызмет басталғаны туралы ресми хабарлама берместен іске қосқан.
— Бұл, облыс аумағындағы қоғамдық тамақтану орындарында санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың толыққанды сақталмайтындығын айқындайды. Бұған дәлел, наурыз айында Түркістан қаласында болған бір оқиғада 68 адам тағамнан уланған. Олар пицца, суши және тауық еті өнімдерін тапсырыспен үйге алдыртқан. Орын алған жағдайларда Түркістан облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің аумақтық басқармалары тарапынан нысандарға жоспардан тыс тексеру жүргізіліп, санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың сақталмай өрескел кемшіліктерге жол берілгендігі анықталды, — деді Түркістан облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Асқар Ысқақов.
Қазіргі таңда, өңірде 2 нысан жабылып, полиция бөлімі тарапынан ҚК-нің 304-бабы 1-бөлігімен қылмыстық іс ашылған. Сонымен қатар, департамент тарапынан кәсіпкерлік нысандарының санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды және қызметін бастау туралы хабарлама алмауына байланысты 231 нысанға профилактикалық бақылау нысанға бармай жүргізілген. Онда анықталған заң бұзуды жою туралы ұсынымдар берілген.
Айта кетейік, бұдан бұрын Түркістан облысында балабақшадағы 24 бала тағамнан уланғанын жазған болатынбыз.