Түркістан облысының 28 жастағы тұрғыны үшем дүниеге әкеліп, көпбалалы ана атанды
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Түркістан облысы Ордабасы ауданының Көктөбе ауылында тұратын 28 жастағы Жанар Анарқұл үшем дүниеге әкеліп, көпбалалы ана атанды.
Жас ана жүктіліктің 34-аптасында мерзімінен бұрын босанып, Алматы облысындағы перзентханада жоспарлы кесарь тілігі арқылы үш қыз баланы өмірге әкелді. Нәрестелердің туған кездегі салмағы 1650, 1600 және 1780 грамм болған.
– Қазіргі уақытта ана мен нәрестелердің жағдайы жақсы. Отбасы сәбилеріне Даяна, Диана және Дария есімдерін қойды, – деп хабарлады облыстық денсаулық сақтау басқармасы.
Үшемді дүниеге әкелген ананы Ордабасы көпбейінді аудандық орталық ауруханасының басшысы Райымбек Тасырбаев арнайы құттықтап, ізгі тілегін жеткізіп, сый-сияпат табыстады.
Бұдан бұрын Түркістан тұрғыны 35 жасында алғаш ана атанып, үшем дүниеге әкелгені туралы жазған едік.