Түркістан облысының Білім басқармасына жаңа басшы тағайындалды

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Бұл қызметті бұдан былай Ғалымжан Орынов атқарады.

Ғалымжан Орынов
Фото: Түркістан облысы Білім басқармасы

Түркістан облысы әкімі Нұралхан Көшеровтың өкімімен облыстық Білім басқармасының басшысы қызметіне Ғалымжан Орынов тағайындалды.

Ғалымжан Қалдыкөзұлы – мемлекеттік басқару, қаржы және қоғамдық секторда көпжылдық тәжірибесі бар кәсіби басқарушы.

Ол 1975 жылы 16 қазанда бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысы, Қазығұрт ауданында дүниеге келген, қазақ, білімі жоғары.

Қазақ Тұтыну кооперация институтын және Қ.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетін бітірген. Мамандығы бойынша біліктілігі – экономист, заңгер. Сондай-ақ «Болашақ» бағдарламасы аясында Syracuse University (АҚШ) базасында мемлекеттік саясат және мемлекеттік басқару салалары бойынша білімін жетілдірген. Экономика ғылымдарының магистрі. Халықаралық және ұлттық кәсіби біліктіліктерге ие: ACCA (Ұлыбритания) аясында халықаралық аудит және мемлекеттік сектор аудиті, сондай-ақ «Мемлекеттік аудитор» сертификаты.

Еңбек жолын 1996 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Қазығұрт аудандық Салық инспекциясында бастаған. Әр жылдары аудандық және облыстық деңгейдегі салық органдарында инспектор, аға инспектор, бас маман, бөлім басшысы, салық комитеті төрағасының орынбасары қызметтерін атқарды.

2007-2011 жылдары Кентау қаласы бойынша Салық комитетінің төрағасы, кейін Салық басқармасының бастығы болды. 2011-2018 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша Салық департаменті мен Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары болып еңбек етті.

2018-2019 жылдары Қазақстан Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің орталық аппаратында қаржылық және ұйымдастыру бағытындағы басқармаларды басқарды.

2019-2022 жылдары Қызылорда облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің, ал 2022-2025 жылдары Ұлытау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы қызметін атқарды.

2025 жылғы наурыз-шілде айлары аралығында Түркістан облысы әкімінің кеңесшісі болды. Осы уақытқа дейін Түркістан облысының Білім басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарып келді.

Бұдан бұрын Түркістан облысы әкімінің жаңа орынбасары тағайындалғанын жазған едік.