Түркістан облысының бірнеше ауданы ауыз сумен қамтамасыз етіледі
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Су ресурстары және ирригация министрлігі Түркістан облысындағы Өгем өзенінде ГЭС каскадымен бірге топтық су құбырын салу жобасына жеке инвестиция тартты.

Жоба аясында ұзындығы 12 шақырымдық туннель қазу, ұзындығы 40 шақырым болатын су құбырын, су жинау қоймасын және Қазығұрт ауданының Жаңабазар ауылындағы су тазарту станциясын салу, сондай-ақ бес шағын гидроэлектр станциясынан тұратын каскад салу көзделген.
Бұл жоба Түркістан облысының Сарыағаш, Келес, Қазығұрт, Жетісай және Мақтаарал аудандарын ауыз сумен қамтамасыз етуге бағытталған. Жобаның қуаттылығы — жылына 110 млн текше метр ауыз су және сағатына 72 мегаватт электр энергиясы. Бұл өңірге қосымша энергетикалық қуат береді.
— Министрлік Қазақстанның су шаруашылығына жеке инвестиция тарту бойынша белсенді жұмыс істеп жатыр. Жобаны іске асыру 600-ден астам жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді, оның ішінде 500-і уақытша және 160-ы тұрақты жұмыс орны. Бүгінде жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленді, — деді Су ресурстары және ирригация вице-министрі Ерболат Ибрайханов.
Айта кетелік Су ресурстары министрлігі 1,3 млн адамды ауыз сумен қамту үшін 2500 шақырым су құбырын салып жатқаны туралы жазған едік.