Түркістан облысында қарбыз алқабынан алғашқы өнім жинала бастады

АСТАНА. KAZINFORM — Түркістан облысының Жетісай ауданындағы шаруалар биылғы қарбызды жинауға кірісті, деп хабарлайды Су ресурстары және ирригация министрлігінің баспасөз қызметі.

Түркістан облысының диқандары алғашқы қарбыз өнімін жинай бастады
Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі

«Бахарам» шаруа қожалығы егістік алқаптарын К-30 каналы арқылы келетін сумен қамтамасыз етіп отыр. Диқандар суды тұрақты әрі уақытылы жеткізіп отырғаны үшін «Қазсушар» РМК Түркістан филиалына алғыс білдірді.

— Биыл 10 гектар жерге қарбыз ектік. Қазір алғашқы өнімді жинау жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Су мәселесі болған жоқ. Бұл үшін Су ресурстары және ирригация министрлігіне ризашылығымызды білдіреміз, — деді «Бахарам» шаруа қожалығының төрағасы Шакирбой Раджапов.

Жыл басынан бері Түркістан облысының ауыл шаруашылығы қажеттіліктеріне 1 миллиард текше метрден астам су берілді. Оның 307 миллион текше метрі Жетісай ауданына тиесілі. Аудан бойынша бақша дақылдарын суаруға 53,8 миллион текше метр су жіберілген. Қазір Жетісай ауданында бақша өнімдерін, көкөніс пен жоңышқа алқаптарын суару жұмыстары жалғасып жатыр.

Бұған дейін сәуір айының басында Түркістан облысының диқандары қырыққабаттың алғашқы өнімін жинай бастағанын жазғанбыз.