Түркістан облысының диқандары қауынның алғашқы өнімін жинай бастады

АСТАНА. KAZINFORM — Түркістан облысының Жетісай ауданындағы шаруалар биылғы алғашқы қауын өнімін жинай бастады. Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады. 

Түркістан облысының диқандары қауынның алғашқы өнімін жинай бастады
Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі

«Әл-Фараби» шаруа қожалығы К-34 канал арқылы су алады. Диқан егіс алқаптарына судың тұрақты жеткізілуін қамтамасыз еткені үшін жергілікті «Қазсушар» филиалына алғыс білдірді. Жалпы алғанда егіс алқабынан 65 тонна өнім жиналды.

— 20 гектар жерге қауын ектік. Су жеткілікті болды, ешқандай тапшылық көрген жоқпыз. Су үздіксіз берілді. Уақытылы суарудың арқасында мол әрі ерте өнім алып отырмыз. Атқарылған жұмыс үшін Су ресурстары және ирригация министрлігіне ризашылығымызды білдіреміз, — деді «Әл-Фараби» шаруа қожалығының төрағасы Әл-Фараби Анарбайұлы.

Жыл басынан бері Түркістан облысының ауыл шаруашылығы қажеттіліктеріне 1 млрд текше метрден астам су берілген. Оның 293 млн текше метрі Жетісай ауданына тиесілі. Ауданда бақша дақылдарын суаруға 49 млн текше метр су жіберілді. Бақша дақылдарын суару жұмыстары жалғасып жатыр. 

Айта кетелік Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов 2026 жылғы маусым–тамыз айларында «Бахри-Точик» су қоймасының жұмыс режимін келісу мәселесіне арналған Қазақстан, Тәжікстан және Өзбекстан су шаруашылығы және энергетика ведомстволары мен ұйымдарының отырысына қатысқан еді