Түркістан облысының Келес ауданында құлаған көпір қашан қалпына келтіріледі

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Келес ауданындағы облыстық маңызы бар автожолда орналасқан көпірдің құлағанына бір жылға жуықтады. Тұрғындар көпірдің қашан қалпына келтірілетініне алаңдаулы. Жауапты басқарма құрылыс жұмыстарының басталуына қатысты түсінік берді.

Түркістан облысының Келес ауданында құлаған көпір қашан қалпына келтіріледі
Фото: Видеодан скрин

2025 жылы желтоқсанда Түркістан облысының Келес ауданына қарасты Қошқарата ауылдық округі аумағында Келес өзені арқылы өтетін облыстық маңызы бар КХ-20 автомобиль жолындағы көпір құлаған болатын. Сол кезде әкімдік оны қалпына келтіру бойынша шұғыл шаралар қабылданатынын мәлімдеген еді.

Алайда тұрғындар көпірдің әлі жөнделмегенін айтып, соның салдарынан бірқатар қиындық туындағанын жеткізді. Әлеуметтік желілерде олар мәселені көтеріп, жағдайға алаңдаушылық білдірген. 

@xalyk_balasy Көпірдің жыры. Қашан көпір салынбақ?. #көпір #мост #рекомендации #рек ♬ Steel Commands - Soda Poppy

Жергілікті тұрғындардың айтуынша, көпір құлағаннан кейін халық орталыққа тікелей қатынай алмай, айналма жолмен жүруге мәжбүр болған. Осылайша, бұрын 13 шақырым болған жолдың ұзындығы 35 шақырымға дейін ұзарған.

— Ол жолмен қатынау қиынға соққандықтан, тұрғындар бұрынғы бағыттағы шамамен 5 шақырымдық қыр жолын пайдалануға көшті. Жол лай болғандықтан, тұрғындар өздері қаржы жинап, демеушілердің көмегімен шағал төседі. Көктемде көрші Жүзімдік ауылдық округінен темір көпір әкелініп, орнатылды. Алайда көпірдің екі жағы да талапқа сай емес. Әсіресе алдағы қыс мезгілінде жолдың лайлануы көліктердің қозғалысына қауіп төндіруі мүмкін. Бұдан бөлек, такси жүргізушілері де жолақысын көтерген, — деді аудан тұрғыны Айбек Смаилов.

Тұрғындардың айтуынша, көпірдің құлауы балалардың мектепке қатынауына да әсер еткен. Қошқарата ауылдық округіндегі Ұшқын ауылынан 40-тан астам оқушы мектепке қатынайды. Қазір оларды мектепке жеткізу үшін көлік айналма жолмен жүреді.

Мәселеге қатысты Түркістан облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы жауап берді.

Ресми мәліметке сәйкес, басқарманың тапсырысымен жобалаушы «Дәулет» ЖШС Келес ауданындағы облыстық маңызы бар КХ-20 «Абай — Ұшқын — Достық» автомобиль жолының 4+300 шақырымындағы көпірді күрделі жөндеу бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірлеген. Жобаның құны — 806,7 млн теңге. 2026 жылғы 5 тамызда «Central Expertise» ЖШС-нің оң қорытындысы алынған.

— Қазіргі уақытта облыстық бюджеттен 100 млн теңге қаржы қаралып, мердігер мекеме ретінде «ЖБИ-С» ЖШС анықталды. Келісімшарт жасау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Құрылыс жұмыстарын 2026 жылғы 1 қазанда бастау жоспарланған, — делінген басқарма жауабында.

Бұған дейін Түркістан облысының Келес ауданында республикалық маңызы бар автомобиль жолының жөнделген учаскесі екі айға жетпей ойыла бастағаны туралы хабарлаған едік.