Түркістан облысының мәдениет басқармасына жаңа басшы тағайындалды
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Бақытжан Садықов 2026 жылдың сәуір айынан бүгінгі күнге дейін Түркістан облысы әкімінің штаттан тыс кеңесшісі қызметін атқарды.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің келісімімен және облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің өкімімен Түркістан облысы мәдениет басқармасының басшысы лауазымына Бақытжан Садықов тағайындалды.
Жаңа басшыны мәдениет саласының қызметкерлеріне облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев таныстырды. Облыс әкімінің орынбасары өңірдегі мәдениет нысандарының жай-күйіне кешенді талдау жүргізу және саланың өзекті мәселелерін жүйелі түрде шешу қажеттігін атап өтті.
Сондай-ақ жас таланттарды қолдауға бағытталған өнер байқауларын, туристердің қызығушылығын арттыратын ауқымды фестивальдер мен мәдени жобаларды тұрақты және сапалы түрде ұйымдастыру тапсырылды.
Бақытжан Шынарбайұлы Садықов 1982 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының Қазығұрт ауданында дүниеге келген. Білімі жоғары. 2003 жылы М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін «Қаржы және несие» мамандығы бойынша, 2016 жылы Шымкент университетін «Құқықтану» мамандығы бойынша тәмамдаған.
Еңбек жолын 2003 жылы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Астана қаласы бойынша аумақтық басқармасы бухгалтерлік есеп және қаржыландыру бөлімінің жетекші маманы болып бастаған.
2007-2009 жылдар аралығында Квазимемлекеттік секторларда, ЖШС-терде, Ауылдық округі әкімінің аппараттарында, Ауыл шаруашылығы, Мәдениет және ақпарат, Мәдениет және спорт министрліктерінде және Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаментінде түрлі басшы лауазымдарда қызмет атқарған.
Сонымен қатар 2026 жылдың сәуір айынан бүгінгі күнге дейін Түркістан облысы әкімінің штаттан тыс кеңесшісі қызметін атқарып келді.
Бұған дейін Алматы облысының кәсіпкерлік басқармасына жаңа басшы тағайындалғанын жазған едік.