Түркістан облысының шаруалары қыста картоп пен қырыққабат егіп жатыр

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM- Жетісайда қырыққабат, Келесте картоп егу жұмыстары басталды.

Түркістан облысының шаруалары қыста картоп пен қырыққабат егіп жатыр
Фото: Қайрат Зайнишев/Kazinform

Қазақстанның кейбір аймақтарында күн суып, аяз болып жатса, Оңтүстік өңірде егін егу басталып кетті. 

Түркістан облысының шаруалары қыста картоп пен қырыққабат егіп жатыр
Фото: Қайрат Зайнишев/Kazinform

Жетісай ауданының диқандары қырыққабат егіп жатыр. Егістігіне ерте көшет отырғызуды бастағандардың бірі – Руслан Құдайқұлов.

Шаруа биылғы жылы 15 гектарға орамжапырақтың ерте пісетін «Зарисма» және «Валикор» сорттарының 525 мың түп көшетін егуді бастады. Өткен жылы да дәл осы екі сорттан жоғары өнім алған. 10 жылдан бері ағын суды үнемдеу мақсатында тамшылатып суғару әдісін қолданып келеді.

– Ес білгелі отбасымызбен диқаншылықпен айналысамыз. Негізгі күн көрісіміз де осы. Мұнда қазір 20 адам жұмыс істеп жатыр, жұмысшыларға күніне 5000 теңгеден еңбекақысын төлеп отырмыз. Наурыз айында ортасындағы ашық жерге қарбыз, болгар бұрышын егіп, ойдағыдай өнім аламыз деп ниеттеніп отырмыз. Егілген көшеттің үстін жапқышпен жауып, жауын-шашыннан қорғаймыз. Ең бастысы – күтіп-баптауға үлкен мән берілуі керек, – дейді шаруашылық төрағасы Руслан Құдайқұлов.

Ал Келес ауданына қарасты Аққорған ауылындағы шаруалар картоп егіп жатыр. Мұндағы диқандар бір маусымда екі рет өнім жинайды. Қазір күнделікті егістік алқабында еңбек етіп жатыр.

– Биыл 3 гектар жерге картап, 3 гектар жерге сәбіз ектік. Алда, тағы екі гектарға қырыққабат егеміз. Ресейден картоптың «ривьер» атты ерте пісетін сортын алдырдық. Яғни, 60-65 күн ішінде жеуге жарамды болады. Ал «артемист» сорты 70-80 күнде өнім береді. Суықтан, жауын-шашыннан қорғау үшін егістік бетін арнайы материалмен жауып қоямыз, - дейді «Тыныбек» шаруа қожалығының төрағасы Нұрлыбай Ахметов.

Айта кетейік, бұдан бұрын Түркістанда ағаштар бүршік ата бастағанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар